Оңтүстікте шегіртке қаптады: 1 мамырға дейін улап бітпесе, күрес зая кетеді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы жыл сайын шегірткеден зардап шегеді. Әсіресе, нәсібін жер анадан терген шаруалар үшін жағдай қиын.

саранча
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Күн санап көгертіп отырған егістігін қорғамаса, қып қызыл шығынға батары анық. Сондықтан, өңірде шегірткемен күресу көктем басталысымен қолға алынатын кәсіпке айналып барады. 

Шегіртке дернәсілдерінің алғашқы шығуы 3 сәуір күні Арыс қаласы аумағында анықталған. Қазір жұмысшы топ 24/7 режимінде жұмыс істеп жатыр.

Бұл бағытта арнайы техникамен қатар дрондар және АН-2 ұшағы жұмылдырылған. 

саранча
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

— Биыл Түркістан облысы бойынша аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372 мың га аумаққа жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшыларынан жауаптылар бекітілген. 4 жедел штаб құрылып, жұмыс күші жасақталды. Жалпы, шегіртке зиянкесіне қарсы 1058 мың га аумақты зерттеу жоспарланған. Қазіргі таңда 605,5 мың га зерттелді. Оның ішінде 250 мың га аумақ экономикалық зиянды шегінен асты. Бүгінгі күнге 242 мың га жер өңделді, — делінген Түркістан облысы әкімдігі ұсынған ақпаратта.

Шегіртке зиянкесі 9 ауданның аумағына қоныстанған. Әсіресе, Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес аудандарының аумағында көп байқалған. Бүгінде ондағы жайылым жер алқаптары 65 аймаққа бөлінді.

Жұмысшы топ та жасақталып, өңдеуге кірісті. 2 990 жайылым жер иелеріне хабарлама берілді. Сонымен қатар, 65 жұмысшы топты тасымалдауға көлік қарастырылды.

а
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Су жеткізуге 45 арнайы автокөлік бөлінсе, жанар-жағармай жеткізуге 30 арнайы автокөлік әзірленген.

Жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету аудан-қала әкімдіктері мен демеушілер тарапынан ұйымдастырылып келеді.

Сондай-ақ, анықтаушылар мен химиялық улы препаратпен жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығы тұрақты бақылауға алынған.

трактор
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

— Алғашқы анықталған дернәсіл сатысында аспалы бүріккішпен өңдеу тиімділігі анықталып, жалпы 861 дана аспалы бүріккішпен жұмыс жасалды. Химиялық өңдеу жоспарының 317,8 мың гектарының 273-і жерүсті бүрку техникасымен атқарылды. Ал 54,2 мың гектар аумақта 4 АН-2 ұшағы жұмыс істеді. Қосымша 41 техника, 5 газогенератор, 12 дрон жұмылдырылды. Химиялық өңдеуде «Тиаметрин», «Каратэ» препараттары пайдаланылып жатыр, — дейді әкімдіктен. 

Шегірткемен күреске арнайы мамандармен қатар жергілікті тұрғындар мен еріктілер де көмекке келген. Олар негізінен дернәсіл ошақтарын анықтап, белгі қойып кетеді. Содан кейін мамандар өңдеу жұмысын жүргізеді.

Жайылым иелері де күнделікті нысан басында. Химиялық өңдеушілерге көмектесіп, қол ұшын беріп жүр. Соның бірі — Жұман Қалдарбекұлы.

саранча
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

— Биыл өңірде шегірткемен күрес қарқынды жүріп жатыр. Алдыңғы жылға қарағанда көлемі азайды. Техника келіп, зиянкестерді жойып жатыр. Басы-қасында жүрген барша адамға рахмет, — дейді ол.

Ал, Әуезхан Назарқасымұлы атты қоғам белсендісі әлеуметтік желіде шегіртке дернәсілдердің екінші толқыны келіп жеткенін жазып дабыл қақты.

— Арыс өңірінде шегіртке шабуылы талайды әуреге салып жатыр. Табиғи апатпен күрес толастамай тұр. Болса да мұндай майданда жергілікті халық та бірге жұмыс істемесе іс қиынға шауып кетуі мүмкін. Дәл қазіргі кезеңде мамандар күн-түнге қарамай еңбек етуде, — дейді ол. 

шегіртке
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Орынбаев шегірткені түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес дейді.

— Бір шегіртке 100-ге жуық тұқым қояды. Яғни, бір шегірткеден 100 шегіртке тарайды деген сөз. Химиялық өңдеу барысында қалып кеткен бірен-сараң шегірткенің көп ұзамай-ақ қайтадан көбейетінінің себебі осы. Сондай-ақ, шегірткелер үнемі көшіп отырады. Көк шөп іздеп егістікке түседі. Содан сарғайтып, құрғатып жібереді. Көшіп жүргеннен кейін дәрілейтін аумақтың да көлемі арта береді, — дейді Марат Орынбаев. 

шегірткемен күрес
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Сондай-ақ, ол шегірткелердің бұл аймақта бұрыннан болғанын жеткізді.

— Ата-бабамыз ошағын анықтаған кезде жерді қазып, құрғақ шөп салып, өртеп жіберіп отырған. Кейін «дуст» деген химиялық қоспа қолданылды. Сол кездері қатты әсер берген. Дегенмен, ол адам денсаулығына, экологияға теріс әсер ететіндіктен қолданыстан алынып тасталды. Қазіргі қолданылып жатқан химикаттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зияны жоқ, — дейді Марат Орынбаев.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, 1 мамырда шерітке дернәсілдері ересек кезеңіне өтеді. Соған дейін дәрілеу жұмыстары да толығымен жүргізіліп бітуі тиіс.

трактор
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Айта кетейік, бұдан бұрын биыл шегірткемен күреске 7 млрд теңге бөлінетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар