Оңтүстікте азаймай отырған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың мәнісі неде
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық соңғы жылдары күрделі мәселеге айналды. Әсіресе Түркістан облысында. Көпшілік оңтүстіктің жігіттерін жұбайларына жиі қол көтереді деп біледі. Бұл мәселе тек құқық қорғау органдарын ғана емес, қоғамды да алаңдатып отыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері полиция органдарына отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 1 785 адам жеткізіліп, оның 1 286-на қорғау нұсқамасы шығарылған.
Сонымен қатар, полицияның өтініші бойынша сот 294 құқық бұзушыға мінез-құлыққа қатысты ерекше талаптар белгілеген. Оның ішінде 201 азаматқа алкогольді ішімдік ішуге тыйым салынды.
Тыйымды бұзғаны үшін 46 «отбасы тираны» Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 461-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Өңірде отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша Түркістан қаласы көш бастап тұр. Мұнда 182 дерек тіркелген.
Ал, кейінгі орыннан Сайрам ауданын (62 дерек), Шардара (43 дерек) және Жетісай аудандарын (39 дерек) көруге болады.
Заң қатаңдады
2024 жылдың 15 маусымынан бастап әйел мен бала құқығын қорғау мақсатында елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамаға өзгеріс енгізілді.
Осының нәтижесінде бұрын әкімшілік құқық бұзушылық деп қаралған «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» мен «ұрып-соғу» қылмыс қатарына жататын болды. Осы өзгеріс арқылы Түркістан облысында отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 69 қылмыс тіркелді.
Оның ішінде:
- Кісі өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы) — 1 дерек
- Денсаулыққа қасақана орта зиян келтіру (ҚР ҚК 107-бабы) — 4 дерек
- Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚР ҚК 108-1-бабы) — 12 дерек
- Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру (ҚР ҚК 109-1-бабы) — 45 дерек тіркелген.
Бұл статистика өңірдегі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетеді.
Күйеуі әйелін кепілге алған
Жан түршігерлік жағдайдың бірі 2020 жылы Түркістан облысының Келес ауданында болды. Мұнда 51 жастағы ер адам өз келіншегін көшеде балтамен ұрған. Асқан қатігездікпен жасалған қылмыстық іс бойынша шешім шығарған сот сотталушыны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Ал, келіншек жолдасының қолынан жарымжан болып қалды.
Бұдан бұрын Сайрам ауданында болған оқиға да жұртшылықты шошытты. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал кезінде күйеуі әйелін мойнынан пышақтаған. Кейін өзін де жарақаттап, суицид жасамақ болды. Қазіргі уақытта күдікті қамауда.
Сол ауданда тағы бір ер адам бұрынғы жұбайының үйіне заңсыз кіріп, оны пышақпен қорқытып, кепілге алған. Күдікті бұған дейін де сотты болған, лудоманиямен ауырған. Ол Шымкент қаласында ұсталып, сот үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Зорлық-зомбылықпен күрес жолдары
Бүгінде облыстағы барлық аудан-қалада отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге көмек көрсету орталықтары ашылған — өңірде осындай 17 мекеме жұмыс істеп тұр. Мұнда психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жәбірленушілерге көмек көрсетеді.
Сондай-ақ, «Сенім-Ай», «Көмек» және «Жігерлі жүрек» секілді қоғамдық ұйымдардың дағдарыс орталықтары да жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық қолдау жасайды.
Жыл басынан бері аталған орталықтарға 43 адам жүгінген. Оның ішінде 19 әйел, 24 бала бар.
Түркістан облысында «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс», «Жасөспірім» секілді профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Сонымен бірге «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты арнайы акциялар да ұйымдастырылып келеді.
— Полиция департаменті отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ауқымды шаралар атқарып жатыр. Әрбір факті бойынша тергеу жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдануда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, — деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б. Айтпаев.
Сарапшылар не дейді
Сарапшылардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері — әлеуметтік теңсіздік, экономикалық қиындықтар және отбасы құндылықтарының маңызынан айырыла бастауы.
Түркістан облысында жұмыссыздық деңгейі жоғары, әлеуметтік жағдай төмен. Алкогольді ішімдік тұтыну да тұрмыстық жанжалдардың жиілеуіне себеп болып отыр.
Мамандар бұл мәселені шешу үшін бірнеше негізгі бағытты атап өтті.
- Халықтың, әсіресе әйелдер мен балалардың өз құқықтарын білуі және қорғай алуы маңызды.
- Дағдарыс орталықтарының санын көбейтіп, олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту.
- Қоғамда әйелдерге деген құрметті арттырып, отбасылық жауапкершілікті күшейту.
- Жұмыссыздықпен күрес, отбасылардың табысын арттыру — тұрмыстық дау-жанжалдың алдын алуға көмектеседі.
Саясаттанушы Амангелді Қалыбек отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгін пайда болған дүние емес, бұрыннан келе жатқан жағдай деп біледі.
— Бұл жағдайды ақтап алуға немесе қалыпты жағдай ретінде қабылдауға болмайды. Оның себептеріне тереңірек үңілуіміз керек. Егер бұл мәселеге әлеуметтік, мәдени және ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ, ең алдымен гендерлік құқықтарға баса назар аудару керек. Қоғамда ұлдар мен қыздарға әртүрлі тәрбие беріледі. Ұл балалар көбіне агрессиялы ортада өседі. Бала кезінен бастап оларға өз мүддеңді күшпен қорғау қажет деген түсінік сіңген. Әлбетте, мұндай тәрбиенің белгілі бір жағымды тұстары да бар. Мәселен, бұл ерлерді жауапкершілікке, әр сөзі мен ісіне есеп беруге үйретеді. Ал, бұл көзқарас әйелдер үшін бөтен әрі жат, — дейді ол.
Сондай-ақ, саясаттанушы тек ерлер тарапынан болатын физикалық зорлық-зомбылық қана емес, әйелдердің ерлерге жасайтын психологиялық зорлығы да болатынын жеткізді.
— Тұрмыстық жанжал кезінде әйелдер эмоцияға беріліп, ауыр сөздер айтып қояды. Бұл — кішкентайынан «сөзге жауап беру» деген ұғыммен тәрбиеленбеген әйелдер үшін үйреншікті жағдай. Психологиялық зорлық-зомбылықтың әсері өте терең, ал ерлер көбіне мұндай жағдайға шыдай алмай, күш қолдануға барады. Тағы бір маңызды аспект — жаңа технологияның дамуына байланысты дәстүрлі құндылықтардың дағдарысқа ұшырауы. Бұрын ер адам — түздің адамы, асыраушы, ал әйел — отбасы ошағының сақтаушысы деген түсінік берік болатын. Қазір бұл рөлдер өзгерді. Әйелдер де табыс таба бастады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Олардың экономикалық тәуелсіздігі артты. Бірақ егер екі жақ та ақша табатын болса, үй шаруасына кім жауапты? Қазіргі қоғамда бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Біз дәстүрлі рөлдерден бас тарттық, алайда орнына жаңа әрі нақты модель қалыптастыра алмадық. Бұл — өте үлкен проблема. Соның салдарынан отбасылар шайқалып жатыр. Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреуі және жаңаларын жүйелі түрде қалыптастыра алмау — осының бірден-бір себебі, — дейді сарапшы.
Амангелді Қалыбек ақпараттық кеңістіктің ауқымы артып, жастардың оған қарсы тұра алатын иммунитеті әлсіз болып тұрғанына тоқталды.
— Түрлі блогерлер мен мотивациялық тренерлер қысқа курстар өткізіп, жеке эгоға жағатын, бірақ мазмұны терең емес ақыл-кеңес береді. Бұл кеңестердің салдарына олар жауапты емес, ал тыңдаушылар толықтай сеніп қалады. Ерлер мұндай араласуға агрессивті түрде қарайды, себебі бұл - олардың отбасына сыртқы адамның араласуы. Әйелдердің ақпараттық иммунитеті әлсіз болғандықтан отбасына қатысты жауапкершілікті сыртқы кеңестерге сүйене отырып шешуге тырысады. Егер әйелдерге «сенің отбасың — сенің жауапкершілігің» деген түсінікті сіңіре алсақ, тыныш әрі тұрақты отбасы құруға ықпал ете алар едік. Бұл — үстірт қарайтын емес, терең зерттеп, жан-жақты шешім іздейтін мәселе, — деді ол.
Ал, әлеуметтанушы, PhD Нұрбол Байбахов тұрмыстық зорлық-зомбылық тек жазалаумен, жазаны қатаңдатумен шешілмейді, ол үшін қоғамдық сана мен мәдениеттің өзгерісі қажет деген пікірде.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылық — бұл тек жеке адамның мәселесі емес, бұл — қоғамдық дерт және қоғамдағы құрылымдық теңсіздіктің айқын көрінісі. Әйелдер мен балалар көбіне өздеріне ең жақын адамдарынан, яғни отбасы мүшелерінен зорлық-зомбылық көреді. Бұл — өте өкінішті әрі қауіпті құбылыс. Мәселенің тамыры тереңде жатыр. Оған патриархалды мәдениет, гендерлік стереотиптер, экономикалық теңсіздік, құқықтық және әлеуметтік институттардың әлсіздігі себеп болып отыр. Бұл мәселені тек жазалау немесе жаза қатаңдату арқылы шешу мүмкін емес. Қоғамдық сана мен мәдениетті түбегейлі өзгерту қажет. Бүгінде қоғам дәстүрлі қоғамнан модернге өтіп жатыр, яғни терең әлеуметтік трансформация жүруде. Бұл өзгерістер барлық әлеуметтік институттарға әсер етуде, әсіресе отбасыға. Отбасы — ең нәзік, ең терең байланыстарға негізделген құрылым. Қазір отбасындағы ер мен әйелдің орны мен рөлі, құндылықтар жүйесі өзгеруде. Бұл өз кезегінде ерлі-зайыптылар арасындағы қақтығыстарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен ажырасулардың көбеюіне алып келуде, — деді әлеуметтанушы.
Сондай-ақ, кейбір ер адамдар отбасында ерлер сөзсіз үстем болу керек деп санайды, ал әйелдердің ой-санасы өзгеріп, олар гендерлік теңдікке ұмтылатындығын айтып өтті. Оның айтуынша, осы айырмашылық — отбасындағы жанжалдардың бір себебі.
— Кейбір блогерлер, коучтар мен мотивациялық спикерлердің теріс ықпалын атап өту қажет. Олардың көпшілігі шынайы мәселені қозғаудан гөрі, тыңдармандар мен жазылушылар санын арттыруға тырысады. Сондықтан олар көпшілікке ұнайтын, бірақ өмір шындығына сәйкес келмейтін кеңестер береді. Ал отбасындағы қарым-қатынастар — өте нәзік, терең әрі көрінбейтін сезімдерге негізделген байланыстар. Мұндай байланысты тек құқық арқылы реттеу мүмкін емес. Мұнда жауапкершілік, сүйіспеншілік, мейірімділік сияқты адами құндылықтар шешуші рөл атқарады, — деді ол.
Әлеуметтанушы ғалым отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресу — тек заң арқылы ғана емес, мәдени, моральдық, психологиялық деңгейде де жүруі тиіс деп біледі. Сарапшының пайымынша, тек кешенді тәсіл ғана бұл әлеуметтік дерттің алдын алуға мүмкіндік береді.
— Жалпы алғанда, отбасылық зорлық-зомбылық — бұл девианттық әрекет, яғни қоғамдағы моральдық және құқықтық нормалардан ауытқу. Мұндай ауытқуларды болдырмау үшін әлеуметтік бақылау тетіктері маңызды, — дейді сарапшы.
Оның сөзінше, әлеуметтік бақылаудың үш түрі бар:
- Өзін-өзі бақылау — адам өз мінез-құлқын өзі реттейді, дұрыс пен бұрысты ажырата біледі.
- Бейресми бақылау — ата-ана, туыс-туған, көрші, дос сияқты жақын адамдар тарапынан көрсетілетін ықпал.
- Ресми бақылау — заң, полиция, сот секілді мемлекеттік тетіктер.
— Қазіргі таңда бейресми бақылау әлсіреп кетті. Бұрын қоғамда ағайын-туыс, көрші-қолаң, достар отбасындағы жағдайларға бейжай қарамайтын. Қазір бұл байланыстардың рөлі төмендеп, адамдар жеке өмірге араласпауға тырысады. Осының орнын ресми бақылау жүйесі басып келеді. Заңдарды күшейту, жаза қолдану секілді шаралар жүзеге асып жатыр. Бұл — дұрыс бағыт, әрі белгілі бір деңгейде тиімді. Алайда ресми бақылау жалғыз өзі мәселені түбегейлі шеше алмайды. Сондықтан өзін-өзі бақылау мен бейресми бақылау жүйелерін де қатар күшейту қажет, — дейді Нұрбол Байбахов.
Ал, саясаттанушы Қанат Бақберген идеологиялық тұрғыда отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға көп көңіл бөлінбей отырғандығын жеткізді.
— «Жақсы әйел ер азаматының басын төрге сүйрейді, жаман әйел ер азаматының басын көрге сүйрейді» деген сөз бар. Қазір құндылықтар арасында күрес жүріп жатыр. Кей әйелдер ер азаматты басқарып, ықпал еткісі келеді. Бұл ер азаматтың туыстары, достары тарапынан қарағанда үлкен сын. Сондықтан намыстанған күйеуі жұбайына қол жұмсауы мүмкін.
Біз қоғамды дұрыстағымыз келсе, ең алдымен қыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Дұрыс бағыт бағдар беріп, құндылықтар қалыптастыруымыз қажет. Дұрыс құндылық қалыптастыру мемлекеттің міндеті, білім саласының міндеті. Бүгінгі таңда өкінішке орай бұл бағытқа көп көңіл бөлініп жатқан жоқ. Сол себепті қоғамда агрессиялық тұрғыда түрлі факторлар орын алып жатыр. Жалпы мықты мемлекеттік құндылықтарды қалыптастыратын идеология қажет, — деді қоғам белсендісі.
Мәселені шешуге бір ғана заңнамалық өзгерістер мен құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Бұл іспен қоғам болып күресу қажет дегенге саяды сарапшылар пікірі.