Оңтүстікте Қызыл кітапқа енген жануарлар траншеяға түсіп өліп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қызыл кітапқа енген бауырымен жорғалаушылар және үй жануарлары траншеяда өліп кетіп жатыр. 

жануарлар
Фото: Ғани Назарбек

Түркістан облысында траншея қазу тоқтамай тұр. Ауыл шаруашылығы мақсатында жер алған шаруалар аумақты қоршаудың тиімді әдісіне көшкен.

Яғни, аумағын арнайы материалдармен қоршап шығындалмай-ақ айнала бір метр тереңдікте қазып тастайды. 

а
Фото: Ғани Назарбек

Бұл тәсіл шаруаға тиімді болғанымен табиғатқа орасан зор залалын тигізіп отыр. Атап айтар болсақ, түрлі бауырымен жорғалаушылар мен үй жануарлары сол траншеяға түсіп қайта шыға алмай, өліп кетіп жатыр. 

Сондай-ақ, бұл тәсілдің топырақтың құнарлы қабатының бiржола жойылуына алып келетін зардабы да бар.

Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023-2024 жылдары Бәйдібек, Келес, Отырар, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары бойынша 186 жер пайдалданушы тарапынан траншея қазылғаны анықталған. 

траншея
Фото: Ғани Назарбек

Зерделеу жұмысының барысында 118 жер пайдаланушының қазған траншеялары көміліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. 

Сонымен қатар, 9 жер пайдаланушыға Әкiмшiлiк құқық бұзу кодексі 337-бабының талаптарына сәйкес, айыппұл салынған.

— Аталған кодекстің 337-бабының 1-тармағына сәйкес, топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу топырақтың құнарлы қабатының бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, топырақтың құнарлы қабатын, оның ішінде басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатында жою немесе заңсыз сыдырып алу — жеке тұлғаларға — қырық, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — жеті жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — бір мың, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Аудан, қала әкімдіктерімен жер пайдаланушыларға жерді қорғау яғни, жер учаскелерін мақсатына сай ұтымды пайдалану бойынша түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берілген, — делінген басқарма ақпаратында. 

дала
Фото: Ғани Назарбек

Ал, табиғат қорғаушылар траншея қазған шаруалардың немқұрайлы әрекетінен қызыл кітапқа енген жәндіктер мен жануарлар өліп кетіп жатқандығын айтып, дабыл қағып жатыр. 

жануарлар
Фото: Ғани Назарбек

— Өткен жылдың мамыр айының басында бір апталық экспедицияға шықтық. Онда Келес, Шардара, Сарыағаш, Отырар, Сауран, Арыс, Ордабасы, Бәйдібек аудандарын араладық. Аймақтағы қазылған траншеяларға түсіп кетіп, шыға алмай қалған Орта Азиялық тасбақалардың өте көп екендігін көрдік. Сондай-ақ, қызыл кітапқа енген сары бауыр кесіртке, келес кесірткесі, қалқан тұмсық жылан, оқ жылан және басқа да жәндіктер мен жануарлар кездесті. Біразын өзіміз қазылған ордан шығарып алдық. Су, тамақ беріп, қауіпсіз жерге жібердік. Содан жауапты мамандарға хат жолдадық. Биыл да жылдың басынан бастап уакілетті органдарға хаттар жібердік. Алдағы екі айда тасбақалар ұйқыларынан қайта оянады. Сол кезде қайтадан сол орларға түсіп кетудің алдын алуымыз керек, — дейді «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек.

аң құстар
Фото: Ғани Назарбек

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында бір өзі екі ауданға қарайтын ауылдар бар екенін жазған болатынбыз. 

дала
Фото: Ғани Назарбек

 

Соңғы жаңалықтар