Оңтүстіктен СҚО-ға қоныс аударған жалғызілікті ана жағдайының жасалмай отырғанына наразы
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Шымкент тұрғыны Әйгерім Қаламбаева – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында осыдан үш жыл бұрын оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың бірі. Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласында тұрып жатқан жалғызілікті ана қысты қорқынышпен күтіп отыр.
Айтуынша, келерде уәдені үйіп төккен жергілікті билік бүгінде әйелдің мәселелеріне атүсті қарап, шешуге асығар емес.
Әйгерім Қаламбаева 2021 жылы екі қызы, анасымен бірге СҚО-ға қоныс аударады. Мамлютка қаласынан берілген үйге кірген отбасының қуанышы ұзаққа бармаған.
«Қыста балаларыммен үсіп кететін шығармын деп ойладым. Пеш дұрыс салынбаған, тартпайды. Үйдің төбесі де дұрыс жабылмаған, ағаштары бос жатыр. Былтыр ағаш жоңқасын өзім әкеліп төсеткіздім. Электр сымдары қалай болса солай тартылған, кей жері балқып жатыр. Бір күні өрттеніп кетеміз бе деп қорқамын», - дейді Әйгерім Қаламбаева.
Оның негізгі мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бірақ қазір сауда орындарының бірінде дүкенші болып жүр.
«Мамандығым бойынша жұмыс істеп жатқан жоқпын. Былтыр жалынып жүріп Мамлютка санаторлық мектеп-интернатына тәрбиеші болып орналасқанмын. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубына ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушы болып қосымша жұмысқа тұрдым. Бірақ, бір жылға ғана алды. Биыл тағы жұмыссызбын», - дейді Мамлютка тұрғыны.
Мамлютка аудандық әкімдігінің мәліметінше, отбасына көшіп келу шығынының орны толтырылып, 860 мың теңге шамасында қаражат төленген. Әйгерімнің өзі жұмыспен қамтылып, анасы Әсия Арыстанқызы «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында курстан өтіп, былтыр 1,3 млн теңге грант алды. Ол қаражатқа әйел 4 ірі қара мал алған екен.
«2023 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі пешті жөндеп берді. Биыл Мамлютка қаласы әкімінің аппараты электр сымдарын ішінара ауыстырды», - делінген осы отбасына қатысты әкімдік жауабында.
Мамлют ауданы Мансап орталығының директоры Еркін Самарханұлы да мәселеге қанық болып шықты.
«Ә.Қаламбаевамен 02.11.2022 жылы көшіп келуші ретінде шарт жасалды. Мамлютка санаторлық мектеп-интернатында, қосымша ішкі саясат бөлімінде, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубында жұмыс істеді. Алайда тиісті тестті тапсыра алмады. Мектептен тәрбиеші жұмысы қиын деп өз еркімен шығып кетті. Ол кісінің мәселесі менің жеке бақылауымда. Қазір Білім бөлімі басшысымен мектепке дене тәрбиесі пәні мұғалімі ретінде жұмысқа алуға сөйлесіп жатырмыз. Қалада вакансия аз, ауыл жаққа барса жақсы болар еді, әрі елді мекенге келген мамандарға көп төленеді. Үш жыл бұрын жаңа үйді өздері таңдап алды. Әрине, қандай үй болса да жыл сайын аздап болсын жөндеу жүргізіп тұру қажет қой. Үй иесі, әдетте ішін ағартады, сырлайды, пешті қайтадан сылайды және т.б. жұмыстары бар. Десек те ол үйге жөндеу жұмысын жүргізу жоспарда бар», - дейді Еркін Самарханұлы.
Орталық директорының айтуынша, соңғы үш жылда Мамлют ауданына оңтүстік өңірлерден 149 отбасы – 589 адам қоныс аударған.
Бұған дейін Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 400-ге жуық адамның әлі күнге уақытша тұру орындарын паналап отырғанын жазған едік.