Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударушыларға қолдау көп
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Еліміздің халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударған азаматтар саны жыл санап артып келеді. Бұған себеп - мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалып, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы.
Көшіп барған азаматтардың жай-күйімен танысу үшін түркістандық арнайы жұмысшы тобы теріскейге барды. Олар алдымен Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында аға дәрігер болып жұмыс істейтін Аян Ерханұлымен кездесті. Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы теріскейге осыдан 5 жыл бұрын қоныс аударған. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ түлегі 5 жыл ішінде ауа-райына әбден үйренгенін айтып, өзге жерлестерін де қоныс аударуға шақырды.
Одан соң жұмысшы топ өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі - «Элеватор Тайынша» ЖШС-да болды. Аталған нысанның директоры - Түркістан облысы Түлкібас ауданында кіндік қаны тамған Шыназбек Балқыбек. Қазір кәсіпорын теріскей тұрғындары мен күнгей өңірден қоныс аударған азаматтарға қолдау білдіріп, олардың еңбек етуіне мүмкіндік жасап отыр. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірден көшкен 30-дан астам азамат кәсіпорыннан тұрақты жұмыс тапқан.
Жұмысшы топтың келесі сапары Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылы болды. Онда сарыағаштық Усмановтар жанұясы «Шымкент» атты кафе ашып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Олар бұл өңірге 2017 жылы қоныс аударған. Жеке кәсібін ашып, несібесін көріп отырғандар қатарында Қасым Амангелдин де бар. Шымкенттік жігіт бүгінде Петропавл қаласының қақ ортасынан ер жігіттерге арналған шаштараз ашып, солтүстікке әбден бейімделіп үлгерген.
Айта кетейік, Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленген болатын. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысы (2 702 адам), Павлодар облысы (2 603 адам), Қостанай облысы (950 адам), Шығыс Қазақстан облысы (372 адам), Абай облысы (255 адам), Ұлытау облысы (132 адам), Қарағанды облысы (36 адам) бар.
Бөлінген квота негізінде осы жылдың 8 айында Түркістан облысынан 288 отбасыдан 1 116 адам қоныс аударды. Нақты көрсетсек, Шығыс Қазақстан облысына 18 отбасы (71 адам), Қостанай облысына 18 отбасы (71 адам), Павлодар облысына 127 отбасы (592 адам), Солтүстік Қазақстан облысы 110 отбасы (318 адам), Қарағанды облысына 2 отбасы (11 адам), Абай облысына 8 отбасы (23 адам), Ұлытау облысына 5 отбасы (30 адам).
Жалпы еліміз бойынша 3 494 қоныс аударғандардың 32%-ы Түркістан облысының үлесінде. Олардың ішінде еңбекке жарамды 538 адамның 304-і жұмысқа орналасқан. 2015 жылдан бері жұмыс күші аз Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік аймақтардан азаматтарды көшіру жұмыстары нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 14 874 адам немесе 3 358 отбасы қоныс аударған.
Мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, билік оларды қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызуы, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.