Оңтүстіктен Солтүстікке көшу: қоныс аудару қарқыны қалай

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы 83% пайызға орындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.

солтүстікке көшіру
Фото: Pixabay

— Соңғы жылдары ішкі еңбек ұтқырлығында іскерлік белсенділік байқалып отыр. Ерікті қоныс аудару аясында 2022 жылдан бері жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге 28 мыңға жуық адам қоныстанды. Тұтастай алғанда, қоныс аударған өңірлерден кері қайту көрсеткіші 4 есе азайды. Туған өлкеге қайта қоныс аудару 2019 жылы 53 мың адамнан 2024 жылы 13 мың адамға дейін азайды. Сондай-ақ қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша қабылданған шаралар солтүстікке көшіп барған азаматтардың өңірден қайта кету деңгейін нөлге дейін төмендетуге ықпал етті, — деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысында.

Одан бөлек министр елдегі көші-қон процесінде қиындықтар барын айтты.

— Геосаяси тұрақсыздық, солтүстік және батыс аймақтардағы трансшекаралық көші-қон қысымы және Қазақстанды транзиттік аумақ ретінде пайдалану жағдайы бар. Сонымен қатар демографиялық өсім, халықтың солтүстік және шығыс өңірлерден көшіп кетуі, урбанизация және мегаполистерге шамадан тыс қоныстанудан туындаған мәселелер бар, — дейді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, былтыр күзде Оңтүстіктен солтүстікке көшкісі келетіндер қатары көбейіп жатқаны туралы хабарлаған едік

Айта кетсек, былтыр оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару саясатын іске асыру барысында 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылғаны анықталды

Соңғы жаңалықтар