Оңтүстіктен солтүстікке: Павлодарда қоныс аударуға бөлінген қаражат жымқырылған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысының прокуратурасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтады.

Коррупция
Фото: Kazinform

Бағдарламаның саясаты бойынша ниетті азаматтарды оңтүстік аймақтардан солтүстіктегі халқы аз елді мекендерге қоныстандыру болатын. Талап бойынша көшіп келушілер сатып алатын баспананың 50%-ын мемлекет өтейді. Алайда үйдің құны 4,2 миллион теңгеден аспауға тиіс. Прокуратура анықтағандай, бюджет қаражатын максималды тұрғыда жымқыру үшін үйлердің құны 8 миллион теңгеге дейін асыра бағаланған. Тұтас схема бойынша бюджет қаражатын иемденгендер қараусыз қалған үйлерді 500 мың теңгеден бастап сатып алса да, құжат жүзінде 8 миллионға дейін бағалап, жымқырған. 

Бұл ретте жергілікті тұрғындар көптеп көшіп кеткендіктен, облыста 59 елді мекеннің жойылғанын атап өту керек. Тек 6 ауданның өзінен 600 млн теңге шығын анықталып отыр.

Прокуратура тексеру материалдарын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша СДТБТ-де тіркеді.

Тергеу амалдарын арнайы прокурор жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар