Опера әншісі Әйгерім Алтынбек: Бір адамды кумирім деп айта алмаймын
АСТАНА. KAZINFORM – Нақты бір опера әншісін «кумирім» деп айта алмаймын. Бүгінде Италияның Арриго Бойто атындағы Парма консерваториясында білімін жетілдіріп жатқан отандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек осылай дейді.

- Бір адамды «кумирім» деп айта алмаймын. Бұрындары маған Анна Нетребко, Мирелла Френи, Мария Каллас сынды әлем әртістері ұнайтын. Бірақ, уақыт өте келе өзгеден өзіңе керекті, пайдасы тиетін дүниені ғана аласың. Адамға қарап отырып, өзіңе ұнаған қасиетін, мінез-құлқын аласың. Сондықтан нақты бір адамды айта алмаймын, - деді ол Kazinform агенттігіне берген сұхбатында.

Дарынды опера әншісі адамдармен жиі араласқанды жақсы көретінін айтады.
- Адамдарды үлкен лауазымына, қарапайымдылығына қарап бөліп-жармаймын. Қарапайым адамнан да өте көп нәрсе үйренуге болады. Сондықтан үнемі адамдармен қарым-қатынаста болуға, сөйлесуге ашық адаммын. Маған әр адамның өмірі қызық. Олармен әңгімелескенді жақсы көремін. Қазір Италияда болғандықтан бұл жақта да жақсы адамдар жеткілікті. Сол ксілермен уақыт бар кезде, мүмкіндік болғанда сөйлесіп, өзіме керекті жақсы қасиеттерді, мінез-құлықты, алдағы уақытқа керемет жоспарларды алып қалуға тырысамын, - деді Әйгерім Алтынбек.
Айта кетейік, Президент мәдениет саласындағы бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.