Опера әншісі Әйгерім Алтынбек эстрада мен классиканың басты айырмашылығын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде Италияның Арриго Бойто атындағы Парма консерваториясында білімін жетілдіріп жатқан отандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек эстрада мен классика жанрларының басты айырмашылығын атады.

 Айгерим Алтынбек
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Kazinform агенттігіне берген сұхбатында ол жас опера әншілеріне кеңес берді.

- Ең бірінші мінез, табандылық керек. Өйткені, өнер жолы өте қиын. Опера - өте қиын бағыттардың бірі. Бір ғана емес бірнеше тілді қатар меңгеруің және қазақ шығармаларын ғана емес, шетел шығармаларын өз деңгейінде орындай білуің қажет. Ал оның бәрі білімнің арқасында келеді. Еріншектікті ұмыту, күндіз-түні дайындалу, іздену керек. Физиологияңды қатты тексеру қажет. Өйткені, сахнаға шыққан кезде қорқыныштан дауыс шықпай қалуы немесе психологиялық тұрғыда қиын болуы мүмкін. Ондай нәрселер болады. Соның бәріне дайын болуы керек, - деді ол.

Дарынды опера әншісі өкінішке қарай көпшілік эстрада мен классиканы салыстырып жататындығын айтады. 

- Қазақстанда классика мен эстраданың айырмашылығын білмей жатады. Екеуі екі түрлі жанр. Сөздің шыны керек, сенің тамағың ауырып, көңіл-күйің болмай тұрса, эстрада әнін фонограммамен айтып шығуға болады. Ал классикада 39 градус температурамен болсаң да, көңіл-күйің болмаса да барлығын тірі, жанды дауыста айтасың. Даусымыз көңіл-күйімізге де байланысты өзгеріп тұрады, - деді Әйгерім Алтынбек.

Айта кетейік, опера әншісі Әйгерім Алтынбек бір адамды кумирім деп айта алмайтынын мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар