Оператор РОП-тың бұрынғы құрылтайшысы шартты жазамен құтылды

жемқорлық
Фото: Pexels

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шынар Мұхтароваға үкім шығарды. Сот "Оператор РОП" мекемесінің бұрынғы құрылтайшысына 7 жылға шартты жаза берді, деп хабарлайды Kazinform.

- Сот үкімімен Шынар Оралғазынқызы Мұхтарова ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазым атқару құқығынан айырылды және 7 жылға сотталды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Қылмыстық кодекстің 63-бабы 3-бөлігі негізінде сотталған Мұхтароваға пробациялық бақылау белгіленсін және сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органды хабардар етпей, тұрғылықты жерін, жұмыс орнын өзгертпеу міндеттері жүктелсін, - деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Сонымен қатар, Шынар Мұхтарованы қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы жазбаша міндеттемеге өзгертілді.

Судья оны сот залында босатуды тапсырды. 

Бұған дейін Шынар Мұхтарова аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен сотқа берілгені хабарланған болатын. Оған ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігінде көзделген

«Қылмысты ұйымдастырушы» және ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы «Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру» бойынша айып тағылған болатын.

5 шілдеде ол Дубайда ұсталып, Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдарымен қамауға алынды.

Кейін Ш.Мұхтарова Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға экстрадицияланды.

Соңғы жаңалықтар