Oracle Қазақстанда ЖИ инфрақұрылымын дамытуға қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Oracle компаниясы жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және «бұлтты» технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсімі АҚШ-та өткен C5+1 форматындағы бизнес-конференция аясында ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ экономикалық және технологиялық дамуды қолдауға бағытталған.
Меморандум шеңберінде тараптар Қазақстан аумағында Oracle компаниясының пилоттық жасанды интеллект инфрақұрылымын орналастыру мүмкіндігін бағалау, тиісті тестілеу жұмыстарын жүргізу және бұлтты деректер орталықтарын кезең-кезеңімен дамыту әлеуетін зерттеу бағытында өзара іс-қимыл орнатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қолданбалы жасанды интеллектке негізделген пилоттық жобаларды іске асыру мәселелері де қарастырылған.
Ынтымақтастық аясында кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған оқу және сертификаттау бағдарламаларын әзірлеу, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және Қазақстанда Oracle құзыреттер орталығын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тараптар жасанды интеллектті дамыту саласындағы реттеу мен этикалық мәселелер бойынша да тұрақты диалог орнатуға ниетті.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, бұл ынтымақтастық елдің ұлттық ЖИ инфрақұрылымын дамытуға және цифрлық экожүйені нығайтуға серпін береді.
«Oracle компаниясымен әріптестік Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және цифрлық экожүйесін дамытуға ықпал етеді. Бұл еліміздің цифрлық экономикасын қалыптастыру үшін берік негіз құру және технологиялық инновацияларды ілгерілету жөніндегі біздің ұстанымымызды көрсетеді», – деді ол.
Өз кезегінде Oracle компаниясының мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Эллисон О’Брайен Қазақстанның жасанды интеллектке қатысты ұлттық стратегиясын іске асыруға қолдау білдіруге дайын екенін айтты.
«Oracle Қазақстанның жасанды интеллектіге қатысты ұлттық стратегиясын іске асыруды қолдауға әзір. Біздің технологиялар мен сараптамалық тәжірибеміз цифрлық трансформацияны жеделдетуге және түрлі салаларда инновацияларды ынталандыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Айта кетейік, Алматыда ЖИ бойынша халықаралық олимпиада басталды.