Орал әуежайында екі бірдей ұшақ кешігіп ұшты
М.Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайында бүгін екі ұшақтың ұшуы кешіктірілді, деп хабарлайды Kazinform.

«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Fly Arystan әуе компаниясының Орал-Астана бағытындағы 7366 рейсі уақытынан 2,5 сағатқа кешігіп ұшты.
Бұл ұшақ әуеге сағат 09.54-те көтерілген.
Сол секілді Air Astana әуе компаниясының Орал-Астана бағыты бойынша ұшатын 320 рейс те бір сағаттай уақытқа кешеуілдеп, 10.36-да ұшып кетті.
«Рейс жолаушылары әуежай терминалына орналастырылып, сусынмен қамтамасыз етілді. Рейстердің кешігу себебі — мұз қатпау үшін ұшаққа арнайы реагент шашатын машина істен шыққан. Кеше ғана тексеріп, дайындап қойғанымен электроникасында қателіктер болған. Ақау тез арада жөнделген» деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал халықаралық әуежайында жөндеу мәресіне жеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында алғашқы қар жол қатынасын қиындатты.