Орал әуежайы жөндеу жұмыстары толық біткеннен кейін кез келген үлгідегі ұшақты қабылдай алады
Оның айтуынша, Қазақстандағы әуежайларды жетілдіру, қайта жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында өткен жылдың қараша айында «Орал» әуежайындағы ұшу-қону жолағын күрделі жөндеудің алғашқы кезеңі аяқталғаны мәлім. Екінші кезеңі биыл жасалып, шамамен қазан-қараша айларында күрделі жөндеуді толық бітіру көзделуде. Бұл болашақта жаңа халықаралық рейстер ашуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде, 12 қаңтардан «Эйр Астана» ұшақтары Алматы мен Орал арасына аптасына бес мәрте қатынай бастады.
Күрделі жөндеу кезінде бетон жамылғыға байланысты сөз қозғалғаны белгілі. Анығын айтқанда, ұшу-қону жолағын бетоннан жасау дүниежүзілік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Бетон ауа райының кез келген құбылысына төзімді және ұзақ уақыт бұзылмайды. Мұндағы жолақтың пайдаланылу мерзімі - 15-20 жыл. Сонымен қатар бетонды қар мен мұздан тазартуға көмектесетін арнайы химиялық реагенттердің тізбесі, қолданылу технологиясы Азаматтық авиация комитеті тарапынан әуежай иелеріне жеткізілді. Дәл қазір шешілмеген мәселе жоқ. Қорыта айтқанда, ұшу-қону жолағы күні бүгінгі авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді.
Ұшу-қону жолағын жаңғыртуды мемлекет толық өз мойнына алды. Ал перрон, әуежайдың ғимаратын жаңғырту, жаңалау жұмысын әуежайдың иелері өз қаржыларына атқаруы тиіс. Себебі халықаралық рейстерді жүзеге асыру үшін арнайы ережелер бар. Олар сақталмаса, ешқандай рұқсат берілмейді. Бұл бағытта әуежайдың меншік иесімен түсіністік бар.
Әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңғыртушы бас мердігер - «К - Дорстрой» АҚ директорының орынбасары Тахиб Искандаровтың сөзіне қарағанда, жөндеудің бірінші кезеңінде бұрыннан бар ұшу-қону жолағы күшейтілді. Яғни құм-цемент қоспасы төселіп, тегістеліп, үстіне қалыңдығы 30 сантиметр болатын Б-30 ныспылы бетон жамылғы құйылды. Қазір ұшу-қону жолағының ұзындығы - 2400 метр, ені - 42 метр. Жұмыстың екінші кезеңінде жолақ тағы 400 метрге ұзартылады, ені 45 метрге жетеді. Оған қоса, жолақтың қос қапталына ені 7,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы төселеді. Сонда ұшу-қону жолағының жалпы ені 60 метр, ұзындығы 2800 метрге жетпек.