Орал қалалық сотының үкімімен А.Хакало сегіз жылға бас бостандығынан айырылды
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сонымен қатар жәбірленушілер пайдасына 778,2 млн. астам теңге өндірілетін болды.
Тергеу орындарының мәліметі бойынша «Прагма» халықаралық корпорациясында кеңесші қызметі бойынша еңбек тәжірибесі бар А.Хакало аса ірі мөлшерде қаржы жымқырудың қылмыстық тетігін құрған. Осы мақсатта А.Хакало «USAID» халықаралық ұйымының әлемдік деңгейдегі атын жамылып, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерлік нысандарымен қаржылай қолдау бойынша грант қорын құру жөнінде жалған келісімшартқа отырған. Шын мәнісінде ол ешқандай халықаралық ұйымдармен келісімге отырмаған.
Сонымен қатар А.Хакало жеке және заңды тұлғалармен жалған келісімге отырып, нәтижесінде түрлі компаниялардан жарна есебінде ақша алған. Кейбір кәсіпкерлерден алған қаржыны қор құру ретінде басқаларына бөліп беріп, осылайша ақша грантын беру кейпін танытқанымен, кәсіпкерлер алдындағы берешегін көбейтіп алған. Қаржының бір бөлігін өзі иемденген. Сөйтіп А.Хакало алдау және сенімге қиянат келтіріп, 885,5 млн. астам теңге көлемінде өзгенің мүлкін ұрлап, кәсіпкерлерге аса ірі мөлшерде залал келтірген.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.