Орал қаласы шетінде сексеннен астам қойды белгісіз жыртқыш қырып кетті

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы Зачаган кентінде сексеннен астам қойды белгісіз жыртқыш қырып кетті.

қой қырылды
Фото: Зачаган кенті әкімдігінен

Зачаган кенті әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 18 қазан күні таңғы 04:00 шамасында СНП шағынауданы К.Арыстаналиев көшесі 1/3 мекенжайында болды.

қой қырылды
Фото: Зачаган кенті әкімдігінен

«Есенгелді Айтмұхамбетовтің қорада тұрған 150 бас қойының 86 басын қырып кеткен. Ізіне қарағанда, қойға қасқыр шапқан және бәрін тамақтаған. Үй иесінің үш иті үйшігінен шықпай қалған. Оқиға орнына ветеринария және жергілікті полиция қызметкерлері барып, өз көздерімен көрді. Қазіргі уақытта өлген қойдың ұшалары мал қорымына апарылды», - деп хабарлады әкімдіктен.

«Қойыма шапқан не екенін әзірге білмей тұрмын. Ізіне қарасаң, қасқыр сияқты. Шиебөрі, тіпті қаңғыбас иттер болуы да ықтимал. Қазір иттер топталып жүреді. Ақ-адал малымның қырылып қалуына байланысты көмек көрсетілсе екен», - деді Kazinform тілшісіне мал иесі Е.Айтмұхамбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсай қаласында ит қапқан 5 жасар қыздың ауруханаға түскенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар