Орал қаласынан Астанаға қатынайтын ұшақ ұшпай қалды
Бүгін Орал қаласынан Астанаға қатынайтын Air Astana ұшағы ұшпай қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Жолаушылардың сөзіне қарағанда, ұшақ жергілікті сағат 16.40-та ұшуы керек еді.
«Төрт сағат ұшақтың ішінде отырдық. Әуелі техникалық ақаулық деді. Одан кейін әуежай жолағын мұз бен қардан тазалау үрдісі деп айтты. Ақыры сағат 20.40 шамасында автобусқа отырғызып, қайтадан әуежайға кіргізді. Басқа ұшаққа отырғызуы мүмкін екенін жеткізді», - деді Салтанат есімді жолаушы.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметі оқиғаны растап, Air Astana ұшағы техникалық себептерге байланысты ұшу-қону жолағынан екінше рет қайтып келгенін, бүгін ұшпайтынын хабарлады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ауа райының қолайсыздығынан Оралға келетін рейстер кешігіп жатқанын жазған болатынбыз.