Орал қаласында 190, Ақсайда 40 лифтінің тозығы жеткен
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында барлығы 1 175 лифті болса, соның 943-і (838 көпқабатты үй) Орал, 232-сі (62 үй) Ақсай қаласының үлесіне тиеді.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде Оралда 190 (22,6 пайызы), Ақсайда 40 (17,2 пайызы) лифтінің пайдалану мерзімі 25 жылдан асып, тозығы жеткен.
Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, сонымен қатар әлеуметтік нысандарда Оралда 173 (үшеуінің тозығы жеткен, 1,7 пайыз), Ақсай қаласында 16 лифті бар.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өткен жылы тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша 879,2 млн теңге 26 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде 19-ы — шатырды, төртеуі — үйді күрделі жөндеу, үшеуі — лифтілерді ауыстыру.
— Биыл облыстық бюджеттің нақтылануы кезінде 16 лифтіні жаңартуға 323,3 млн теңге (Оралда 11 жобаға — 245,5 млн, Ақсайда 5 лифтіге — 77,7 млн теңге) қарастырылды. Нәтижесінде 1 291 адам қауіпсіз жаңа лифтіні пайдаланатын болады. Оған қоса Ақсай қаласында 5 көпқабатты үйдің (365 адам) лифтісін ауыстыру үшін аудандық бюджеттен 71,5 млн теңге бөлінді, — деді Қ.Өмірәлиев.
Оның айтуынша, Оралда әзір тұрған 3 (61,7 млн теңге), Ақсайда 22 жоба республикалық бюджет нақтыланатын кезде қолдау тапқан жағдайда жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ «Орал Құрылыс Жөндеу Сервис» ЖШС лифтілерді ауыстыру үшін 11 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындап жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.