Орал қаласында 550 орындық облыстық көпбейінді аурухана салынбақ

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Ақжайық» шағынауданында көпқабатты үйлермен қатар әлеуметтік нысандар бой көтереді.

емхана
Фото: Астана әкімдігі

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтің мәлім еткеніндей, бұған дейін 5 көпқабатты үй құрылысы аяқталып, 390 пәтер кезекте тұрғандарға берілді.

Нұркен Еділұлының сөзіне қарағанда, 150 орындық «Ақжайық» оңалту орталығы жұмыс істеп жатыр. 

— Қуаттылығы тәулігіне 20 мың текше метр кәріз-сорғы станциясы пайдалануға берілді. Сондай-ақ шағынауданды сумен қамту үшін 7 800 текше метр сорғы станциясы салынуда. 370 пәтерлік тағы үш көпқабатты үй салынып бітіп, қазіргі кезде аула аумақтарын, кварталішілік кіреберістерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 120 пәтерлік екі үйдің, оған қоса 460 пәтерлік екі тоғыз қабатты үйдің құрылысы басталады, — деді Н.Молдашев.

Оның сөзіне қарағанда, жаңадан қоныстанғандардан балконның ашық қалуына байланысты шағым түскен болатын. Қазіргі таңда оны жабу ойластырылуда. 

— «Ақжайық» шағынауданында 1 500 мектеп салу көзделуде. Сонымен қатар 550 орындық облыстық көпбейінді аурухана құрылысының жобасы жасалуда. Соның бөлек корпусында 200 төсектік облыстық кардиологиялық орталық орналасатын болады. 200 орындық перинаталдық орталық салу да жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы.

Басқарма мәліметіне сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында 14 медициналық нысанды іске қосу жоспарланса, соның 13-і алты ауданда іске қосылды. Тамыз айының соңына дейін Сырым ауданындағы медициналық нысанның құрылысы аяқталады. Бұдан басқа, Казталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық көпбейінді ауруханаларына жапсаржай құрылысы басталады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Ақжайық» шағынауданы қалай салынып жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар