Орал қаласында айналма жол салу ұсынылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда Атырау трассасы – Қазақ ауыл – Үміт шағынауданы – Өскен – Деркөл өзені – Самара жолы бағытында айналма жол салу мәселесі көтерілді.

БҚО
Фото: senate.parlam.kz

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Манарбек Ғабдуллиннің мәлім еткеніндей, бұл – Орал қаласы үшін аса қажет ірі жоба.

Осы ұсынысты қолдаған БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның нақтылауынша, бұл мәселе бұрын да айтылған. Мұның маңыздылығы мынада, Орал қаласының ұзындығы шамамен 25 км. Кеңес дәуірі кезінде қаланың жоспарланған сыйымдылығы – 50 мың көлік. Дәл қазір облыста 193 мың, Оралда 109 мың автокөлік бар.

- Әсіресе, кептеліс пен жол апаты жиі болатын Шолохов көшесімен ауыр жүк көліктері күні-түні өтеді. Атыраудан (оңтүстіктен) және Ақтөбеден (батыстан) ағылған жүк көліктері Оралға кіріп, оншақты шақырым жүріп барып, шығады, - дейді Б.Ахметжан.

Оның мәлімдеуінше, мұның ауыртпалығы көп: көше, асфальт бүлінеді, ауа ластанып, шаң, шу шығады, адамдарға қауіпті (жол апаты), кептеліс туғызады, логистика уақыты көп.

- Егер халықпен ақылдасып, тиімділігін талдап, жобаны сызып, құнын есептеп, дұрыс мердігер таңдап, оны бақылауда ұстасақ, бұл жоба ұлттық трасса болайын деп тұр. Мұның пайдасы көп. Қаланың іші тазарып, шуы басылады, жүк көліктерінен босап, апат азаяды, көшенің асфальты көпке жетеді, жаңа инфрақұрылым (кафе, кемпинг, сауда, жөндеу станциялары және басқа) ашылады және бизнесті дамытады. Деркөл, Өскен, Жамбыл, Махамбет сияқты ауылдар бірден көркейеді, - деді БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бас жоспарды түзету жобасына қатысты шу шыққанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар