Оралда бірнеше нысан мен 5 көпқабатты үйдің жертөлесіне су кірді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 5 көпқабатты үйдің жертөлесіне мен бірнеше нысанға су кірді.

СУ
Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 26 наурыз күні Орал қаласы аумағы мен облыстың тоғыз ауданында қар еріп, оған қоса бір тәулікте айлық норма (25,6 мм) көлемінде жауын-шашын түсті.

«Салдарынан Оралда қала әкімдігі, Ж.Досмұхамедов көшесі 16-мекенжайында орналасқан қазынашылық департаменті және теміржол вокзалы ғимараттарының, сондай-ақ 5 көпқабатты үйдің жертөлесіне су кірді. Оған қоса 298 тұрғын үйдің аулалары мен аумақтарынан барлығы 131 616 текше метр су сорылды. Бұл жұмыстарды 222 техника, 153 мотопомпаның күшімен атқаруға төтенше жағдайлар, жергілікті атқарушы органдар, 5517-әскери бөлім, 99250-әскери бөлім жауынгерлері, барлығы 990 адам атсалысты. Сондай-ақ қауіпті тұстарға инертті материалдармен 5730 дана қап салынды», - деп хабарлады ведомстводан. 

Үйге су кірген
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығынан

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің нақтылауынша, су тасқынының алдын алуға 100-ге жуық жауынгер қатысты. 

«Мұндай іс-шараларға белсене атсалысу біздің азаматтық міндетіміз дегім келеді. Біз, Ұлттық ұлан жауынгерлері қандай жағдай болмасын халыққа көмектесіп, кез келген қиындықтың алдын алуға өз күш-жігерімізді жұмсаймыз. Күні бүгін 5517-әскери бөлім қызметкерлері су тасқынына тосқауыл қою жұмысында жүр», - деді 5517-әскери бөлімнің батальон командирі, майор Жасұлан Көрпешов.

«Батыс су арнасы» ЖШС кәріздік сорғы стансаларының апатты жағдайына, ғимараттар мен аумақтарды су басуына жол бермеу үшін Орал қаласында 27 наурыз күні сағат 11.00-ден бастап салқын су беру толық тоқтатылатынын хабарлады. Су шамамен 17.00-де қайта берілмек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында үйлерге қар суы кіріп жатқанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 500-ден астам үй мен 15 кәсіпорын газсыз қалды.

Соңғы жаңалықтар