Орал қаласында Ғұмар Қараш атындағы музей ашылса, дұрыс болар еді - Жантас Сафуллин
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында көрнекті ақын, ойшыл, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың 150 жылдық мерейтойы аталып өтілді.
БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллиннің мәлім еткеніндей, осы іс-шаралар кезінде ғалымдар мен мамандар ортақ тоқтамға келген. Бұл – Орал қаласында Ғұмар Қараш атындағы музей немесе ғылыми-зерттеу орталығын ашу.
Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында бірнеше мемориалдық музей бар. Мысалы, Бәйтерек ауданы Дариян ауылында Михаил Шолоховтың, Оралда Александр Пушкин мен Емельян Пугачевтің музейлері жұмыс істейді.
- Ғұмар Қараш Жәнібек ауданында дүниеге келіп, Бөкей ордасында қызмет етті. Қазақ тарихында «Қазақ» газеті Орынборда шықса, «Айқап» журналы Троицк қаласында басылды. Сол секілді «Қазақстан» газеті Ордада басталғанымен, оның баспаханасы Орал қаласында болды. Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйриндер газетті Оралда шығарып, ұлтқа қызмет етті. Сондықтан облыс орталығынан ғимарат тауып, Ғұмар Қараш және баспасөз музейі деп атап, сол қилы кезең, азаттықты аңсаған Алаш қайраткерлері туралы жәдігерлерді жинақтаса да, болар еді. Ғұмар Қараштың алда болар 160, 170 жылдық мерейтойларына әзірлікті ертерек бастау керек, - деді Ж.Сафуллин.
Алматыда тұратын әдебиеттанушы ғалым, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәжімұраттың айтуынша, Ғұмар туралы сөз қозғаған кезде ұстазы, ақын Шәңгерей Бөкеевті ұмытпау керек. Абай мен Шәкәрім қандай болса, Шәңгерей мен Ғұмар да сондай, екеуін бір-бірінен айыруға болмайды.
- Елімізде төрт-бес Абай институты, Шәкәрімтану орталығы бар. Ендеше, Ғұмар мен Шәңгерейдің мұрасын зерттейтін, республикалық деңгейде жұмыс істейтін Оралда неге ғылыми-зерттеу орталығын ашпасқа?! Сондай-ақ қаладағы кең көшелердің біріне екеуінің ескерткішін орнатса, ұлт мәртебесі асқақтай түсер еді, - деді М.Тәжімұрат.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ақын Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған мүшәйра мәресіне жеткенін жазған едік.