Орал қаласында қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Орал қаласында қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

қар
Фото - Орал қаласы әкімдігі

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 22 қараша күні «Қазгидромет» РМК-ның мәліметі бойынша 12 мм жауын-шашын түскен.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы тәулікте қаладан 480 текше метр қар шығарылды.

қар
Фото - Орал қаласы әкімдігі

«Жайық таза қала» ЖШС қала аумағы мен Зачаган, Деркөл, Круглоозерный кенттерін қардан тазаласа, Желаев селолық округінде келісімшартқа сәйкес «Мақсотов» ЖК осы жұмыспен айналысады. Аталған коммуналдық мекемелерден 200-ге жуық арнайы техника, 360 қызметкер жұмылдырылған. Қар «Асан», сондай-ақ Зачаган кентіндегі «Балауса» және телеорталық маңындағы полигонға шығарылады.

«Қаланы қардан тазалау жұмыстары алдымен магистралды көшелерде жүргізіледі. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың, мектеп, балабақша, аурухана, емханалардың жолдары, аялдама аумақтары, тротуарлар мен жаяу жүргінші жолдары қардан тазартылады. Мұнан кейін қаланың басқа да көшелері мен аумақтарында тиісті жұмыстар атқарылады», - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, БҚО қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларына сәйкес нысандардың меншік иелері іргелес аумақты санитарлық тазалауды қамтамасыз етеді (барлық жағынан 5 метр). Мониторингтік топтың қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзу фактісі бойынша күнделікті рейдтік шаралар жүргізеді. Бұзушылық анықталған кезде заңды немесе жеке тұлғаға жою мерзімі көрсетілген хабарлама беріледі. Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес 4 298 ескерту беріліп, 1 млн 369,340 мың теңге көлемінде 41 айыппұл салынды.

қар
Фото - Орал қаласы әкімдігі

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта шаһар бойынша 1 036 абонент жарықсыз отыр. Мұны қалыпқа келтіру үшін 10 жөндеу тобы және 2 апаттық бригада жұмыс жасауда. Барлығы 40 қызметкер мен 12 арнайы техника жұмылдырылған. Электр жарығын бүгін беру көзделуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ауа райына байланысты ұшақтар ұшпай жатырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда электр желілері үзіліп, жолдар жабылды.

Соңғы жаңалықтар