Орал қаласында қос қабатты тұрғын үй өртенді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 4 пәтерлік екі қабатты ағаш үй отқа оранды.

Орал қаласында қос қабатты тұрғын үй өртенді
Фото: БҚО ТЖД

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Самар көшесіндегі үйдің өртенгені жөнінде 23 қараша күні сағат 20.29-да хабар түскен.

ТЖМ күштері келген кезде шатырдың және екінші қабаттың бір бөлігін өрт шарпығаны анықталды.

Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында жалынның таралуы дер кезінде тоқтатылып, оның екінші қабаттың қалған бөлігі және бірінші қабатқа өтіп кетуіне жол берілмеді.

ТЖМ бөлімшелері келгенге дейін тұрғындар пәтерлерін өздері тастап шыққан.

- Тұрғын үйдің жалпы аумағы 400 шаршы метр болса, алдын ала болжам бойынша соның 150 шаршы метрі өртенген. «Тілсіз жау» сағат 21.06-да оқшауланып, 21.24-те толықтай сөндірілді. Оқиға орнында ТЖД басшылығы болып, жеке құрамнан 32 адам 9 техникамен жұмыс істеді. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері келді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сүт комбинатының ғимараты өртенгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар