10:20, 05 Тамыз 2024 | GMT +5
Орал қаласында орман оталып жатыр – әкімдік жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Жайық өзенінің жағасында орманның оталып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат тарады.
Бейнежазбадағы сөзге қарағанда, Стела маңындағы демалыс аймағында ағаштар кесіліп жатыр.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев аталған жердің жеке аумақ екендігін жеткізді.
«Алайда жер иесі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен келісім алу керек еді. Бүгін табиғат қорғау полициясы және экология департаментімен бірге қала әкімдігінің қызметкерлері оқиға болған жерге барып, тиісті шаралар қабылданатын болады. Жер қатынастары бөлімі арқылы қожайыны анықталып, оған ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес айыппұл салынады», - деді Kazinform тілшісіне Ж.Дүйсенғалиев.