Орал қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жаңа жинақтар таныстырылды

жинақ
Фото: Мәди Файзоллаұлы

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Тәуелсіздік пен жарқын болашаққа жол: зерттеу мен зерделеу» атты дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткізілген іс-шара барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның үш жыл ішінде атқарған жұмыстары баяндалып, жаңа жинақтар таныстырылды.

Жиынға қатысқан БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті туралы айтқан сөздеріне, сондай-ақ Президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі тапсырмасына сәйкес құрылған өңірлік комиссия тындырған істерге тоқталды.

«Өңірлік комиссияларды құрудың негізгі мақсаты Мемлекет басшысының Жарлығы аясында ұсыныстар әзірлеу үшін осы уақытқа дейін құпия болып келген немесе әлі белгісіз, ұмытылған деректерді, фактілерді табу, жинау, репрессияның түрлері мен тетіктерін анықтау, ауылдардағы қуғын-сүргін орталықтары мен орындарын, құрбандардың санын, аты-жөнін анықтау және зардап шеккендер туралы осы мәселеге қатысты басқа да ақпарат жинау, талдап-сараптау болатын. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысын мемлекеттік тұрғыдан зерттеп, талқылап және жаңаша тарихи баға беру – бүгінгі ұрпаққа, бізге жүктелген ауқымды міндет. Соңғы үш жыл көлемінде осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан өңірлік комиссия мүшелері, ғалым-зерттеушілер бұрын жабық болған архив қорларын зерттеп, тың деректерге қол жеткізді», деді Гүлжанар Болатқызы.

жинақ
Фото: Мәди Файзоллаұлы

Оның сөзіне қарағанда, облыстық бюджеттен қаржылай қолдау көрсетудің нәтижесінде Алматы, Астана қалаларына іс-сапарлар ұйымдастырылып, архивтер мен ғылыми орталықтарда үлкен жұмыс жасалды. Республикалық, облыстық және аудандық архивтердегі жұмыс барысында 300-ден астам істер қаралып, 6 мың беттей құжат көшірмелері алынған. Өткен жылдары жалпы саны 7 кітап басылып шықса, биыл үш тақырып бағыт бойынша 3 кітап жарық көрді.

Жұмыс тобы облыстың аудандарын аралап, ауылдық жерлердегі өлкетанушыларды, ауыл ақсақалдарын тарта отырып, тұрғындар арасында сауалнамалар жүргізіп, «Халық жады» кітабына саяси қуғын-сүргін куәгерлері мен ұрпақтарынан естеліктер жазу сынды жұмыстарды ұйымдастырды. Елді мекендердің аумағында болған еңбекпен түзеу лагерьлері, күштеп қоныс аудару орындары, атылғандардың жаппай жерлеу орындарын анықтау және басқа өңір тарихы үшін қажетті тың деректерді жинады.

жинақ
Фото: Мәди Файзоллаұлы

 

Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, «DANA» орталығының басшысы Жантас Сафуллиннің мәлім еткеніндей, ғылыми-зерттеу жұмыстары жеті бағыт бойынша топтастырылып ұйымдастырылды.

Олар:
1.Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу бойынша жұмыс тобы.
2.Күштеп ұжымдастыру және 30-шы жылдардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша жұмыс тобы.
3.Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша жұмыс тобы.
4.Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау бойынша жұмыс тобы.
5.Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы.
6.1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финдляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы.
7.Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жылдар аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс тобы.

Айталық, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров жетекшілік еткен жұмыс тобы жүргізген зерттеулер нәтижесінде БҚО полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінің құжаттары бойынша көтерілістерге қатынасқаны және кеңес өкіметіне қарсы шыққандары үшін 309 адамның жазықсыз саяси қудалауға ұшырағаны анықталды. 1930 жылдары Орал маңындағы аудандардан және Жымпиты ауданынан барлығы 41 адам ату жазасына кесілген, қалғандары әртүрлі мерзімдерге концлагерьлерге қамалса, кейбірі жер аударылған және біразы тергеу кезеңінде тұтқында болғандары ескеріліп, қамаудан босатылған. Дегенмен саяси-қуғын сүргін құрбандарының саны мұнымен шектелмейді.

Сонымен қатар 2023 жылдың шілде айында 1930 жылдары кеңес өкіметінің саясатына қарсы шыққандары үшін тұтқынға алынып, тергеу кезінде қамауда отырып қайтыс болғандардың тізімі жасақталды. БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының атына тергеу барысында қайтыс болған 74 адамды ақтауға ұсыныс жасауға хат жолданды.

Сондай-ақ БҚО мемлекеттік архивінде 1921-1931 жылдардағы Батыс Қазақстан облысындағы бандитизм тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, «Бөкей және Орал өңірлеріндегі бандитизм. 1921-1931. (ОГПУ хабарламалары бойынша)» тақырыбында құжаттар жинағы жарық көрді.

«DANA» ғылыми-зерттеу орталығы шығарған тағы бір жинақ «Нарыннан өлі айрылмай, тірі айрылдық» деп аталады. Мұнда 1952 жылы Орда және Жаңақала аудандарының жері «Капустин Яр» әскери полигонына берілуіне байланысты осы аумақ тұрғындарының республикалық ішкі депортацияға ұшырағаны айтылады. Осы орайда тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева Түркістан облысына арнайы сапармен барып, аталған аудандардан көшірілген 5 колхоз тұрғындары, 336 отбасыға қатысты тың деректерді анықтап қайтты. Оған қоса жинаққа полигонға байланысты Оңтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облысының аудандарына көшірілген адамдардың естеліктері алғаш рет енгізілді.

Тағы бір игілікті іс, өңірлік комиссияның мүшесі, «DANA» орталығының ғылыми қызметкері Айболат Құрымбаевтың еңбегі – «Мені елден айырған саясаттың екпіні» («Күштеп көшірілгендер: Батыс Қазақстан облысы тарихының қайғылы кезеңі, 30-50 жж ХХ ғ») жинағы 1930-50 жылдары Батыс Қазақстан облысына саяси себептер бойынша жер аударылған адамдарға қатысты ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының 5-қорынан алынған құжаттар негізінде құрастырылды. Қалың көпшіліктің назарына тұңғыш рет ұсынылып отырған бұл жинақта күштеп көшірілген адамның аты-жөні, тегі, туған жылы, туған жері, ұлты, қай елдің азаматы екендігі, партияда бар-жоғы, күштер көшірілгенге дейінгі және кейінгі мекені, мамандығы, жұмыс орны, жақын туыстарының аты-жөні мен туған жылы, есептен шыққан кезі, мәртебесі, карточкасының бар-жоғы көрсетілген жеке ісінің мәліметтері алфавиттік ретпен келтірілді.

Дөңгелек үстел отырысы барысында аталған үш жинақтың (редакторы Нұрлан Сәдір) таныстырылымы болды.

«Бұл кітаптар да облыс кітапханаларына беріліп, ғылыми айналымға енетін болады. Қазіргі таңда «Тәуелсіздік үшін күрескерлер: Алаш қозғалысының белсенділері мен ниеттестері» атты энциклопедиялық жинақ, сондай-ақ «Батыс Қазақстан облысындағы саяси лагерьлер» (немесе «ГУЛАГ жүйесіндегі лагерьлер мен оның бөлімшелері (Батыс Қазақстан облысы)» атты жинақ дайындалуда. Бірқатары орталық кеңсеге тапсырылды. Жұмыс топтары өздерінің бағыттары бойынша алдағы жылы да өз қызметтерін жалғастыратын болады», деді Ж.Сафуллин.

Жиында жұмыс тобының жетекшілері Альфия Байболсынова, Қазбек Қабжанов, Бақтылы Боранбаева, Ахмедияр Батырханов, Айболат Құрымбаев, Есқайрат Хайдаров және зиялы қауым өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

«Біздің жұмыс тобы зерттеуді екі бағытта жүргізді. Оның біріншісі – Алашорданың Батыс бөлімі бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар анықталды. Мысалы, бұған дейін белгісіз болып келген Алашорданың 25 офицерінің және жақында, ішінде атылғаны бар, 150 мұғалімнің аты-жөні белгілі болды. Үлгергенімізше, жинаққа 500 адамның тізімін жасап бердік. Кірмей қалғандары да баршылық. Ал ең қиыны, облыста жазалау лагерьлері мен НКВД кеңселерін анықтау болды. Өйткені бұған дейін еш жерде айтылмаған құпия құжаттар негізінде жұмыс жасалды.

Облыста ең алғашқы жазалау орындарының бірі Теректі ауданындағы Шалқар лагері 1933 жылы ашылған деп шамалауға болады. Осы аудандағы Придорожный, Сталинка, Көбенсай ауылдарын қамтыған №12 лагерьлік пункттің, Бөкей ордасы Сайқын ауылындағы және басқа жерлерлердегі лагерь орындарының картографиясы жасалды. Барактардың орыны көрініп тұр. Саратов облысының шекарасында Каменлаг, Куйбышевпен (Самарамен) шекарада Безымянлаг жұмыс істеген.

Архив құжаттарынан басқа, көзі тірі куәгерлердің сөзіне қарағанда, түрме барлық дерлік ауылдарда болған, жоспарды орындау үшін солай жасалған. Құжаттары өртеліп, жойылғандықтан, оның бәрін анықтау мүмкін емес. Дегенмен тарихымызды түгелдеуге бірлесіп күш жұмсаған жөн», - деді тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Сабырғалиқызы.

Соңғы жаңалықтар