Орал қаласында жаңа стадион салына ма

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында футболды дамыту үшін не істеліп жатыр? «Жайық» клубының қазіргі деңгейі қандай? Kazinform тілшісі мамандарға жолығып, осы мәселені зерделеп көрді.

а
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Стадиондар талапқа сай ма

Орал қаласында футбол матчтары екі стадионда өткізіледі.

Кейінгі уақытта П.Атоян атымен аталатын стадион 1927 жылы салынған, Қазақстандағы байырғы спорт нысаны болып есептеледі. 

а
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Екінші нысан — «Ақжайық» стадионы да ескірген.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитовтің мәлім еткеніндей, қазіргі кезде Орал қаласында еуропалық стандарттарға сай келетін жаңа футбол стадионын салу үшін бюджет есебінен қаржы қарастырылмаған.

Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы спорт нысандарын жаңғырту бағытында кешенді жұмыс жүріп жатыр. Соның бірі — П. Атоян атындағы стадион күрделі жөнделуден өтті.

Оған жеке демеушілер есебінен 270 млн теңге, сондай-ақ мемлекет тарапынан ағымдағы жөндеу жұмыстарына 48 млн теңге бөлінді.

Мердігерлер — Қазақстан футбол федерациясы «Алаң» жобасы аясында, сондай-ақ «EmirStroy» ЖШС, «Аян» ЖК және «Batyr» ЖК.

— Қаладағы екінші нысан — «Ақжайық» стадионы облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің теңгерімінде. Стадионда қазіргі уақытта трибуналарды жаңарту, күз-көктем мезгілінде ғимаратқа су өткізбеу мақсатындағы ішкі және сыртқы гидроизоляция, сондай-ақ басқа да бірқатар жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, — дейді Б.Сәбитов.

а
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

«Жайық» клубының жағдайы 

Оралда 1968 жылы іргесі қаланған «Ақжайық» футбол клубының таратылғаны белгілі. Биылғы жыл басында оның орнына «Жайық» футбол клубы құрылып, команда спорттық жолын екінші лигадан бастады. Маусым қорытындысымен «Жайық» бірінші лигаға жолдама алды.

Қазақстанда футбол клубтарының жекешелендіріліп жатқаны мәлім. Басқарма басшысының айтуынша, «Жайық» клубы жеке құрылым болғандықтан жекешелендіру жұмыстары қарастырылмайды.

Алдағы маусымда «Жайық» футбол клубының бірінші лигаға қатысуы үшін мемлекет тарапынан 400 млн теңге беріледі.

п
Фото: Мейірбек Тажқұранов

Сонымен қатар клуб басшылығы мен құрылтайшылары тарапынан демеушілерді тарту бағытында жұмыс жалғасып жатыр. 

«Жайық» клубының бас бапкері, жергілікті маман Вячеслав Невольниковтің нақтылауынша, құрамда әзірге өзгеріс жоқ. 

— Ойыншының бәрі — жергілікті ойыншылар. Жаңа маусымға дайындық желтоқсан айының басында бастау алмақ. Алдымен бірінші және екінші оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Содан соң нақты міндет қойылады. Әрине, ең басты мақсат — Премьер-лигаға жолдама алу. Ол үшін құрамды күшейту қажет. Екіншіден, Оралда жабық манеждің жоқтығы футболдың дамуына қатты кедергі келтіреді. Болашақта осы мәселе шешілсе, дұрыс болар еді, — дейді В.Невольников. 

а
Фото: Мейірбек Тажқұранов

Өңірде осынау спорт түрін кеңінен дамыту үшін оның бұқаралығын арттыру және балалар футболын өркендету керектігі дау туғызбайды.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сәйкес облыста бұқаралық футболмен 31 764 адам айналысады, бұл — спортпен шұғылданатын тұрғындардың 11,6 пайызы. 

Футбол бағытында 14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, соның 13-і аудандарда, біреуі Орал қаласында. Спорт мектептерінде 50 жаттықтырушы 1 115 жасөспірімге тәлім береді (оның ішінде аудандарда — 812 бала, 35 жаттықтырушы).

Орал қаласындағы № 1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 15 бапкердің жетекшілігімен 303 жас футболшы жаттығады.

«Жайық» футбол академиясы клуб жанында тұрақты жұмыс істейді. Академияда 145 бала (110 ұл, 35 қыз) дайындалады, олар кәсіби футболға резерв ретінде тәрбиеленеді.

Мемлекеттік спорт тапсырысы (Damu Bala) аясында жеке мектептерде футболмен 1 543 бала айналысады. Оған қоса төрт аудандағы (Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Шыңғырлау) жеке мектептерде 204 бала бар.

Орал қаласында 1 339 жас спортшы (56 жаттықтырушы) футболмен шұғылданса, оларға 26 өнім беруші қызмет етеді. Жалпы, шаһар аумағында оннан астам жеке футбол командалары белсенді жұмыс жүргізуде.

а
Фото: Мейірбек Тажқұранов

Футбол жанашырлары не дейді

Бүгінгі таңда Премьер-лигада Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын клубтың жоқтығы өкінішті. Кезінде «Батыс», «Ақжайық» командалары турнир кестесінің басында болмаса да, кейде ортасында, кейде соңында жүретін. Енді биыл ғана қатарға қосылған «Жайық» клубы алдағы жылдары Премьер-лигаға лайықты екенін дәлелдей ала ма — мәселе сонда. 

Астана қаласында тұратын спорт сарапшысы Дархан Сағидуллин осыған қатысты өз ой-пікірін ортаға салды.

— Орал өңірінде балалар футболына ерекше мән берілген жөн. Қаланың әр бұрышында, аудан орталықтары мен ауылдарда кем дегенде бір алаң болғаны абзал. Балалар футболының өз жемісін беретінін алматылық «Қайрат» академиясы дәлелдеді. Спорт басқармасының арнайы скауттары ауыл-ауылды аралап, әр ауданда түрлі деңгейдегі футбол жарыстарын ұйымдастырса деймін. Сонымен қатар қала ішіндегі қос стадион жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Және ол стадиондар ауыл жастарына да қолжетімді болғаны дұрыс, — дейді футбол жанашыры. 

а
Фото: Дархан Сағидуллиннің жеке архивінен

Оның пайымдауынша, сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясы тарапынан да ерекше қолдау қажет. Қазақ футболының кәрі құрлық додасында бақ сынауына тікелей әсер еткен қалада осынау әлемге кеңінен танымал спорт түрінің дамуы кешеуілдеп жатқаны көңілге кірбің түсіреді.

Қазақстан намысын қорғаған Нұрбол Жұмасқалиев, Стас Покатилов, Руслан Валиуллин, Еркін Тапалов сынды таланттарды тәрбиелеген өңірден әлі талай жұлдыздардың шығуына септігін тигізу үшін инфрақұрылымды дұрыстау қажет. 

Қазір әр өңірде футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оралдық меценаттар клубтың иесі болмаса да, ауданаралық, облыстың деңгейдегі турнирлердің өтуіне тікелей атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бір жылдары әр аудан әкімінің кубогы ҚР чемпионаты форматында өтетін. Апта сайын бір ауыл екіншісіне қонаққа барып, бәсекеге түсетін. Жүлде қоры да қомақты еді. Осылай балалардың футболға деген қызығушылығын арттыруға болады. 

а
Фото: Мейірбек Тажқұранов

— QJ лига, медиа мен әуесқой футбол лигасына да айрықша көңіл бөлген абзал. Жақында ғана БҚО-ның намысын қорғаған «Желаев» клубы әуесқой футбол лигасының финалына дейін барды. Футбол бәріне қолжетімді спорт болуға тиіс. Футболды шын сүйетін басшылар ғана өңірдегі футболды дамыта алады. Астанаға қоныс аударсақ та, бар ойымыз Оралда екенін жасырмаймын. Осыдан үш жыл бұрын «Ақжайық» футбол клубы ел кубогының финалында «Ордабасымен» кездескенде, тамаша ойын өрнегін көрсетті. Өкініштісі, сол жылы құлдырау басталды. Дегенмен «Жайық» футбол клубы оралдық жанкүйерлерді қуантып, әлі-ақ Премьер-лигада жарқырайды деп үміттенеміз, — деді Д. Сағидуллин. 

Оралдық жанкүйерлерді алаңдататын бір мәселе — бірінші лиганың өзінде бәсеке жоғары. Сондықтан «Жайық» клубының Премьер-лигаға өтуі үшін жеткілікті мөлшерде қаржы қаралып, команданың мықты ойыншылармен жасақталуы шарт. 

Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жанның бірі, байырғы жанкүйер Дастан Мұқанбетқалиев сонымен қатар Орал қаласында жаңа стадион салу қажеттігіне екпін түсірді. 

Оның сөзінше, бұған нақты негіз бар. Өйткені қаланың бір бөлігі Еуропа жағында орналасқан. Соның арқасында Қазақстан УЕФА-ға кіріп, Еуропа елдерінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Егер УЕФА талаптарына сай келетін стадион бой көтерсе, онда осында клубтар мен Қазақстан құрамасының матчтарын өткізуге болар еді. Бұл Еуропа елдеріне де тиімді, жол қысқарып, шығын азаяды. 

Елімізде УЕФА стандарты бойынша салынған үшінші стадион ашылды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

— Екіншіден, мамандардың есебіне қарағанда, Орал қаласының халқы таяу болашақта 500 мың адамға жетпек. Демек, жанкүйер де көбейеді. Сондықтан ескіні жамап-жасқай бергеннен гөрі күні бұрын жоспарлап, жаңа стадионды салуды ойластыру керек. Осыған дейін Қызылорда мен Түркістанда футбол стадиондары бой көтерді. Ақтөбе мен Шымкентте стадиондар құрылысы қолға алынбақ. Ендеше Оралдың олардан несі кем?! Әлі күнге дейін халықаралық талаптарға сай келетін стадионның жоқтығы қынжылтады, — деп түйді ойын Д. Мұқанбетқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубының тұйықтан неліктен шыға алмай келе жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар