Орал қаласында жаңадан 20 автобус жолға шықты

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда тұрғындардың қоғамдық көлікпен жүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында қалалық тасымалдаушылармен 20 жаңа автобус сатып алынды.

автобустар
Фото: Орал қаласы әкімдігінен

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, нәтижесінде қоғамдық көлік құрамының тозуы 27 пайызға дейін қысқарды. 

Жылына шамамен 53 млн жолаушы ағыны бар қоғамдық көлік паркін толықтыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. 

Жолаушыларға лайықталған жаңа қоғамдық көліктерде автобустардың жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылған. Сондай-ақ арнайы қажеттілігі бар жандардың арбасына арналған пандус, LED-экрандар, дезинфекциялауға арналған ультракүлгінді лампа және бейнебақылау құрылғысымен жасақталған.

- Мұның барлығы әлеуметтік маңызы бар маршруттарда тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялаудың арқасында мүмкін болды. Жыл сайын осы бағытта қалалық кәсіпорындарға бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі артуда. 2024 жылы осы мақсатқа 5,2 млрд қаражат берілді. Қазір барлық маршруттарда жолақы төлеудің электронды жүйесі енгізілді. Нәтижесінде бюджетке салықтық түсім еселеп артып, жұмыс орны көбейді, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қоғамдық көлік қатары жаңа автобустармен толықтырылғанын жазған болатынбыз.