Орал қаласында жарақат пунктіне түскендер саны көбейді
Орал қаласында жарақат пунктіне түскендер саны көбейді, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 31 желтоқсаннан бүгінге дейін барлығы 184 адам жүгініп, соның 19-ы ауруханаға жатқызылып, 161-і амбулаториялық ем алуға жіберілген. Соның ішінде 176-сы денесін соғып алса, 49-ы сынық жарақатын алған.
«2 қаңтар күні Орал қаласындағы ауруханаларға 94 адам келіп түскен. Соның 64-і денесін соғып алса, 25-і сынық жарақатын алған. Келгендердің 17-сі ауруханаға жатқызылса, 76-сы амбулаториялық ем алатын болады. 31 желтоқсан күні жарақат пунктіне 59 адам жүгініп, алдыңғы күнгімен (16) салыстырғанда, екі есеге артқан еді. 2 қаңтарда 94 адамға жетіп отыр», деп хабарлады ведомстводан.
Орал қаласында кеше қар жауса, бүгін жаңбырға ұласып, қазір көктайғақ болып тұр. Көшеде құлап, жарақат алғандар саны көбейгенін тұрғындар да айтып жатыр. Күні бүгін облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімінде кісі қарасы көп.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласынан Астанаға қатынайтын ұшақтың ұшпай қалғанын жазған болатынбыз.