Орал қаласының тұрғыны дропперді ұстауға көмектесті

Орал қаласының қырағы тұрғыны дропперді ұстауға көмектесті, деп хабарлайды Kazinform. 

Орал
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 11 қазан күні болды.

Орал қаласының тұрғыны тапсырыс бойынша кейуананың сәлемдемесін жеткізгені күдік туғызғаны жөнінде Абай полиция бөліміне хабар берген. Ол айтылған мекенжайға барған кезде алдынан егде жастағы әйел шығып, сөмкені ұстатады. Содан бұл жерде бір шикіліктің барын сезіп, жедел түрде құқық қорғау органдарына хабарлауды жөн көреді.

«Полицияның жедел уәкілдері тез арада аталған жеткізушімен байланысып, алаяқтың ізіне түседі. Анықталғандай, Орал қаласының 1939 жылғы тұрғынына белгісіз біреулер хабарласып, өздерін құқық қорғау қызметкері ретінде таныстырып, оған қызының жол-көлік апатына түскенін және мұны реттеу үшін қомақты ақша қажеттілігін айтып, келген курьер арқылы беріп жіберуін талап етеді. Қоңырау шалушылардың сөзіне сенген зейнеткер алаяқтарға 1 мың АҚШ долларын және 300 мың теңге ақшасын беріп жібереді. Ал дроппер өз кезегінде алаяқ бола тұра, ізін жасыру үшін арнайы қосымшалар арқылы жеткізушінің көмегіне жүгінеді. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Абай полиция бөлімінің қызметкерлері Орал қаласының 2001 жылғы тұрғынын анықтап, қолға түсірді. 22 жастағы жігіт ақшаны алаяқтарға беріп үлгермеген. Күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі кезде ҚР ҚҚ 190-бабының 2-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. БҚО полиция департаменті облыс тұрғындарына, аға буын өкілдеріне күдікті адамдармен сөйлеспеу және қандай жағдайда да ешкімге ақша мен жеке деректерді аудармау керектігін еске салады», - деп хабарлады ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар