Орал қаласы әкімдігі «Оралагрореммаш» АҚ-дан бес арнайы техника, мың контейнер сатып алды

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, осы келісім негізінде әкімдік зауыттан арнайы коммуналдық техникалар сатып алуды жолға қоймақшы.
Қаланы таза ұстау, қалдықты уақтылы шығару әкімдіктің үнемі назарында. Осы бағытта «ОралТазаСервис» коммуналдық кәсіпорнының материалдық базасын нығайту, автопаркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның бір дәлеліндей бүгін қала әкімдігі қалдық жинайтын еуропалық жабдығы бар 4 «КамАЗ» және 1 «Хюндай» маркалы автокөлік және 1 мың еуроконтейнер сатып алды. Бес техника үшін бюджеттен 60 млн., контейнерлер үшін 90 млн. теңге төленді. Түрік жабдығы орнатылған «КамАЗ» бұрынғы осындай «ағайындарының» үшеуін, ал «ЗИЛ» автокөлігінің 8-ін немесе «ГАЗ-53»-тің 11-ін алмастыра алады. Сол секілді ескі контейнерлердің көлемі 0,7 текше метр болса, еуропалық үлгідегілердікі 1,1 текше метр.
Алдағы уақытта да қала бюджетінен қаржы қарастырылып, арнайы техникалар алынатын болады. Бұл, бір жағынан, отандық өнім берушіні қолдау болмақ.