Орал қаласы базарларында тәртіп орнату шаралары қолға алынуда

Қала әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, А.Көлгінов ет, сүт, көкөніс және балық павильондарын аралап, сатушылармен, тұтынушылармен тілдесті, бағаларға көз жіберді. Мәселен, «Мирлан» базарында халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік өнімдері, киім-кешекке дейін сатылады. Сырттан әкелінген, сондай-ақ жергілікті өнімдер де баршылық. Балық және көкөніс өнімдерін сатушылар базар маңында рұқсат етілмеген жерде сауда-саттық жасайтындарға шара алу қажеттігін тілге тиек етті. Біріншіден, бұлар санитарлық тазалықты сақтауға мән бермейді, екіншіден, ешқандай салық төлемейді. Қала әкімі рұқсат етілмеген жерлердегі базарлармен күрес жүргізіліп жатқандығын мәлім етті. Бірқатары жойылса, «Балабақша» базарында тәртіп орнатылды. Қазір жөндеу зауыты маңындағы базарда осындай жұмыс жүргізілуде.
Қала әкімі базар басшыларына нақты міндеттер жүктеп, өркениетті түрде, қыс пен жазда бірдей жұмыс жасай алатын, автотұрағы бар жабық сауда нысандарын тұрғызу, ең бастысы, сол аумақта тәртіп орнату қажеттігін атап көрсетті.