15:35, 07 Қараша 2013 | GMT +5
Орал қаласы жолдарын жөндеуге 1,8 млрд. теңге жұмсалды
ОРАЛ. 7 қараша. ҚазАқпарат - Биыл Орал қаласында жалпы ұзындығы 28,4 шақырым автокөлік жолы жөнделіп, оған 1,8 млрд. теңге жұмсалды.

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рүстем Закариннің айтуынша, қаладағы Гагарин көшесі (Ружейников көшесінен бастап №2 автобус маршрутының соңғы аялдамасына дейінгі аралық) мен Круглоозерный ауылындағы Комсомол көшесі орташа деңгейдегі жөндеуден өтті. Гагарин көшесінің 1525 метр жолын жөндеуге 92,977 млн. теңге, ал Круглоозерный кентіндегі Комсомол көшесінің 1810 метр жолына 56,106 млн. теңге берілді. Сондай-ақ қала орталығындағы А.Құсайынов атындағы көшенің Достық даңғылы мен Чагано-Набережная көшесі аралығындағы бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Ұзындығы 894,8 метрді құрайтын жолды жөндеу жұмысына 133,279 млн. теңге бөлінді. Бұған қоса «ҚПО б.в.» қаржысына И.Тайманов, Алмазов, Чагано-Набережная, Садовая, М.Мәметовадан бастап Шевченко көшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 2437 метрді құрайтын автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өтті.. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қаладағы Некрасов көшесі (Құрманғазы көшесінен бастап Некрасов көшесіне дейінгі аралықтағы ұзындығы 277 метр жол) мен Полевая көшесіндегі (Магистральный көшесінен бастап «Талап» АҚ, «Алим» және «Альтаир» ЖШС-ның өндірістік базаларына дейінгі ұзындығы 1005 метрді құрайды) жолдар, «Ани Плаза» қонақүй кешеніне қарай кететін ұзындығы 400 метрлік автокөлік жолы, «Василец» ЖШС базасына апаратын ұзындығы 634 метр жол және «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ қарай баратын ұзындығы 4100 метрлік автокөлік жолы жаңғыртылуда. Сондай-ақ «Кублей» ЖШС-на қарасты ет өңдейтін кешенге апаратын ұзындығы 305 метр болатын автокөлік жолдарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар биыл былтыр басталған бірқатар автокөлік жолдарын жөндеу жұмысы аяқталды. М. Шолохов (Х.Есенжанов көшесінен С.Датов көшесіне дейін, ұзындығы 4500 метр) және С.Датов (ұзындығы 3800 метр) көшелері орташа деңгейдегі жөндеуден өтсе, Карев (Елизаров көшесінен Чагано-Набережная көшесіне дейінгі аралық,ұзындығы 2050 метр), Петровский (Деповский көшесінен Еуразия даңғылына дейін, ұзындығы 1100 метр) көшелері мен кардиология орталығына апаратын жол (ұзындығы 1500 метр) жаңғыртылды. Жол жөндеу жұмыстары алдағы жылы да жалғасатын болады.