Орал қаласында 29 аула абаттандырылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы аясында 29 аула абаттандырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солардың бірі Әбубәкір Кердері көшесі, 172-мекенжайында Республика күніне орай пайдалануға берілді.

Қала әкімі Миржан Сатқановтың айтуынша, шаһарда абаттандырылмаған аула аумақтарының саны азайып келеді. Жөндеу жұмыстары жүргізілген аулаларда ағаштар да толықтай сақталды.

Қала бойынша әлі де 180-ге жуық аула аумағы абаттандыруды қажет етеді. Сондықтан бұл жұмыс алдағы уақытта жалғастырылады.

Аталған мекенжайда құрылыс жұмыстарын «Капитал Строй Проект групп» ЖШС жүргізді. 4 мың шаршы метр аула аумағы 4 үйдегі 500-дей пәтерді қамтиды.


Жаңа аулада спорттық ойын және балалар алаңы, тренажер құрылғылары орнатылып, дене шынықтырумен айналысуға толық жағдай жасалған. Сондай-ақ жобаға сай жарықтандыру, көгалдандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған.

Қаланы абаттандыру тұрғындармен тығыз байланыс орнатуды көздейді. Атап айтқанда, «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы бойынша тұрғындар өздері өтінім қалдырып, аула аумағында жүргізу қажет жұмыстарды көрсете алады. Мұнда тұрғындар жобаны пысықтауға, жұмыстарды бақылауға қатысып қана қоймай, дайын нысанның сақталуына жауап береді. Сондай-ақ жоба аяқталған соң, абаттандырылған аулалар бойынша МИБ (меншік иелерінің бірлестігі), ЖС (жай серіктестік) немесе ПИК өкілдерімен бес жылға шарт жасалып, олар осы уақыт ішінде алаңдарды күтіп ұстауы тиіс.

Қала әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, 29 ауланы абаттандыру жұмыстары өткен жылы басталған еді. Бұған 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда төрт қабатты жаңа тұрғын үй бой көтергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар