Орал қаласында 3800 жұмыссызды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделіп отыр - БҚО
Биыл Орал қаласында жұмыспен қамту бағдарламасына сәйкес 3800 жұмыссызды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовтың айтуынша, сондай-ақ 1280 адам қоғамдық жұмысқа жіберіліп, 650 адам кәсіби біліктілігін жетілдірмек.
Атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 15 млн. астам теңге бөлінсе, мүгедек балаларды үйде оқыту мен тәрбиелеуге 11 млн. теңге жұмсалмақ. 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін 43 млн. теңге қарастырылған.
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды ұстауға қамқоршыларға республикалық бюджеттен 88 млн. теңге бөлінген. 6 мың отбасыға тұрғын үй көмегін көрсету үшін 66 млн. теңге жоспарланған. Сонымен қатар үй-күйсіз жүргендерге ыстық тамақ беру жалғасып, олар санитарлық өңдеуден, медициналық тексеруден өткізіледі, құжаттарын алуға да жәрдем беріледі.