20:09, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Орал қаласында бағаны тұрақтандыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда
ОРАЛ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласында бағаны тұрақтандыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.
Орал қаласы әкімдігінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, инфляциялық үдерістерді тежеу үшін қалалық штаб, жедел топтар құрылып, жұмыс істеп келеді. Күнбе-күн негізгі азық-түлік бағаларына мониторинг жасалып отырылады. Қала әкімдігі бағаның жөнсіз өсуіне жол бермеу мақсатында азық-түлік тауарын жеткізушілермен, сауда орталықтары мен базарлар басшыларымен апта сайын түсінік жұмыстарын жүргізеді. Облыс әкімдігі мен отандық өндірушілер, көтерме сауда жасаушылар арасында өсімдік майы, қант, күрішті қажетті мөлшерде жеткізу жөнінде келісімдер жасалған.
Оралдағы «Ел ырысы» коммуналдық базарының төбесін күрделі жөндеуге, су, кәріз, жылу жүйесін ретке келтіруге облыстық бюджеттен 40 млн. теңге жұмсалса, қала қазынасынан өрт дабылын қондыруға 2 млн. теңге берілді. Базарды қарамағына алған «Батыс» ӘКК сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары мен екі бөлігін жылытуға тағы 40 млн. теңге бөлмек. Аталмыш базарда облыс аудандарымен келісілген кестеге сәйкес 7-12 пайызға төмен бағамен ет сату ұйымдастырылған.
Қала орталығында жаз бен күз айларында көкөніс, бау-бақша өнімдерін сататын жәрмеңке (өткен жылы мұнда 184 млн. теңгеге 4 мың тонна өнім өткізілген) жолға қойылса, бағаны тұрақтандыру мақсатында құрылған «Жайық Бизнес Орталық» ЖШС өнімді тікелей тауар өндірушілерден алып, оны үстеме ақысыз сатуды ойластырып отыр. Бұл үшін қала бойынша төрт шағын базар ашылмақшы.
Қазіргі кезде «Қазагромаркетинг» АҚ жүргізген мониторингі деректеріне сәйкес негізгі азық-түлік тізіміне енгізілген 26 өнімнің 18-і бойынша Орал қаласында баға республикалық орта көрсеткіштен төмен.