Орал қаласында балалар футбол орталығы ашылды

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы Арсен Ғұбашевтің хабарлағанындай, бұл Қазақстан өңірлерінде ашылған оныншы орталық.
Елімізде 2012-2022 жылдарға арналған балалар-жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан футбол федерациясы спорттық директорының орынбасары Қанат Мұсатаев пен техникалық директоры Анатолий Беляй Оралда арнайы болып, балалар бапкерлерін іріктеуден өткізді. Бұл ретте, балалардың жас ерекшеліктері ескерілді. 25 үміткердің 12-сі таңдап алынды. Содан кейін осы жаттықтырушылармен ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. «Бапкер білікті әрі балалардың тілін тауып, олардың талантын аша білуі тиіс», - деді Қ.Мұсатаев. Балалар футболын дамытудың озық тәсілдері де әңгіме болды. Аталмыш футбол орталығының бапкерлері мен шәкірттері толықтай киіммен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Меймандар Д.Қонаев шағынауданында алдағы жылы іске қосылуы көзделіп отырған жабық футбол манежінің жобасымен де танысты. Манеж күн сайын «Ақжайық» футбол клубынан бастап балаларға дейін, барлығы 7-8 командаға қызмет көрсететін болады. Бұл стадион жаттығу мен ойындарды жыл бойы өткізуге мүмкіндік бермек.
ҚР футбол федерациясының өкілдері балалар орталығын ашуға жан-жақты қолдау көрсеткен «Ақжайық» футбол клубының бас директоры Рашит Хуснутдиновке ризашылығын білдірді.