Орал қаласында бір күнде екі бірдей ірі жол апаты орын алды

БҚО ІІД жол полициясы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, кеше таңертең сағат 06.15 шамасында «Тойота Камри» руліндегі 1993 жылғы Т. деген жүргізуші Құрманғазы мен Сарайшық көшелерінің қиылысында «ПАЗ-32054» автобусымен соқтығысуға жол берген. Жол апаты салдарынан автобус кондукторы болып жұмыс жасаған әйел адам облыстық аурухананың жарақат пунктіне жеткізілгенмен, екі сағатқа жуық уақыттан кейін көз жұмды.
Кеше кешкісін 1983 жылғы М. деген азаматша «Ниссан Тида» автокөлігімен Чагано-Набережная көшесімен келе жатып, Карев көшесіне қарай бұрылар тұста аялдаған «Ниссан» көлігімен (жүргізушісі - 1963 жылғы Т.) түйіскен. Соның салдарынан қос автокөліктің жүргізушілері мен «Ниссанның» жолаушысы 1966 жылғы С. ауыр халде облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.
Батыс Қазақстан облысында биылғы алты айға жуық мерзім ішінде 160 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам қаза тауып, 191-і жарақат алған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (сәйкесінше 68, 21 және 62) әлдеқайда көп болып отыр.