Орал қаласында дүкенге түсіп, күзетшіні өлтіргендер ұсталды

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, аса ауыр қылмыс 8 сәуір күні ашылып, күзетшіні өлтірген Орал қаласының 21 жасар П. және Круглоозерный кентінің 35 жастағы М. деген тұрғыны ұсталды.
Қылмыс пайдакүнемдік мақсатта жасалған. П. аталған дүкенде жиһаз құрастырушы болып жұмыс жасаса, екіншісі оның апасымен бірге тұрған. Сол күні П. үйіне келіп, «жездесіне» дүкенде жалақы беріп жатқанын, сейфте ірі көлемде ақша сақтаулы екенін айтқан. 1 сәуірге қараған түні олар дүкенге келіп, П. күзетшіге затын ұмытып кеткенін айтқан. Ештеңеден күдік алмаған күзетші ішке кіргізген. П. жертөлеге кірген мезгілде М. күзетшіні өлтірген. Содан кейін олар бухгалтердің кабинетіне кіріп, одан 20 мың теңге, дүкен директорының бөлмесінен темір сейфті алып кеткен.
Тінту барысында М-ның мекенжайының асүй бөлмесінен жиырма түрлі алтын бұйымдар табылған. «Жорықтан» кейін П-ның апасына сыйға тартылған неке сақинасы мен алтын алқа да тәркіленді.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілердің басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.