14:18, 07 Қараша 2013 | GMT +5
Орал қаласында құны 2,8 млрд. теңге тұратын жылыжай кешені салынбақ
ОРАЛ. 7 қараша. ҚазАқпарат - 2014 жылы Орал қаласында құны 2,8 млрд. теңгені, жалпы көлемі 15 га аумақты құрайтын жаңа жылыжай кешенін салу көзделуде.

Орал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, бұл қаладағы алтыншы жылыжай болмақ. Аталмыш ірі жобаны «MOONGRAS» ЖШС жүзеге асырмақшы. Алдын ала есептеулер бойынша бұл кешеннен жылына 3250 тонна көкөніс өнімдерін өндіру жоспарланып отыр. Қалаға қарасты Серебряков кенті аумағынан бой көтеретін бұл жылыжайда негізінен қияр-қызанақ өсірілетін болады. Биыл Оралда жалпы көлемі 2500 шаршы метр болатын екі жылыжайды «Шабарова» ЖК мен «Клад» ШҚ іске қосты. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 5 жылыжай (5300 шаршы метр) қала тұрғындарын қысқы кезеңде жергілікті көкөністермен қамтамасыз етуде. Биылғы бірінші дақыл айналымында осы жылыжайлардан 44,7 тонна көкөніс жиналды.