Орал қаласында мектептерге жаңа автобустар берілді

Автобустар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің бастамасымен алынды.
Қала басшысы Миржан Мұнайдарұлы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, оқушылардың мектепке тасымалын сапалы ұйымдастыруда мектеп автобусы паркін жаңарту маңызды екендігін атап өтті.
«Қаладағы барлық мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қатаң бақылауға алынып, жұмыстар жүргізіліп келеді. Бейнебақылау жүйелерін орнату, дабыл түймелерін жедел басқару орталығына байланыстыру, турникеттермен жабдықтау жұмыстары толықтай атқарылды. Қала мектептерінде қазіргі уақытта 60 мыңдай оқушы білім алады. Олардың 2700-і мектепке тасымал арқылы қатынайды. Осы оқушылардың күнделікті тасымалдауын сапалы ұйымдастыру және мектептердің иелегіндегі автокөліктерді жаңарту мәселесі біраз жылдан бері ұсынылып келген болатын. Өткен жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мектептердің автобус паркін жаңартуға мүмкнідік жасалды. Міне, бүгін қаламыздағы бес мектепке автобус алынып отыр. Көліктеріңіз құтты болсын, игі істеріміз жалғасын таба берсін», – деді қала әкімі.


Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрағасы Қанат Иманғалиев ата-аналар мен мектеп ұжымдары атынан рахметін айтып, бұл мемлекет қолдауының көрінісі екенін жеткізді.
Жаңа автобустар №12, 14, 20, 32 және 38 мектептерге берілді.
Заманауи көліктерде балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінген. Қауіпсіздік белбеулері, сөмкелерге арналған сөрелер, бейнебақылау камерасы бар.
Тағы бір басым тұсы – есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен жабдықталған.
Қалалық білім беру бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, бұған дейін мұндай жаңа автобустар облыс аудандарындағы білім ошақтарына берілген еді.

Қаладағы мектептерге әлі бес автобус керек.
Осыған дейін 8 мектепке оқушылар тасымалданып келді. Енді бұған Желаев кентіндегі №14 мектеп қосылып отыр. Мұнда балалардың темір жолдан өтуі қауіпті болғандықтан, ата-аналар өтініші ескерілді. Сондай-ақ мердігерлер арқылы №18, 22, 30, 38, 48 мектептерге балалар тасымалданады. Қала бойынша барлығы 2700 оқушы тасымалданатын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 680 балалар лагерінің жұмыс істеп тұрғанын жазған болатынбыз.
