Орал қаласында соңғы екі күнде 6400 текше метрден астам қар шығарылды

Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, кеше шаһар 3780, 17 ақпанға қараған түні 2616 текше метр қардан тазартылды.
Қыс басталғалы бері қаладан барлығы 60 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Өңірде бұған дейін көптен қар жаумаған еді. Есесіне соңғы күндері қар көп түсті. Соған байланысты «Жайық таза қала» ЖШС-ның күштері (171 техника) осы жұмыстарға жұмылдырылды.
Қазіргі таңда облыс орталығында көшелер мен жолдарды тазалау жалғасуда.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалы метеоболжамдар бөлімінің бастығы Динара Оспанованың айтуынша, соңғы екі күнде 14 миллиметр қар жауды. Жауын-шашынның айлық мөлшері 21 мм болса, ақпан айының 17 күнінде 20,3 мм қар түсті.
Оның сөзіне қарағанда, осындай ауа райы алдағы күндері де жалғасады.
«18-24 ақпанда облыс аумағында қар жауады. Әсіресе, 22 ақпан күні күндіз облыстың солтүстігінде және Орал қаласында қар көп түседі. 19-24 ақпанда жаяу бұрқасын көтеріліп, 20-сында облыстың батысы мен оңтүстігінде көктайғақ болады. Ауа температурасы қалыпты деуге болады, қатты аяз жоқ. Көп жылдық мәліметтер бойынша 17 ақпанда ең жылы күн (2,2 градус) 1978 жылы тіркелді. Ал ең суық күн (-34,0) 1951 жылы болған», деді ҚазАқпарат тілшісіне Д. Оспанова.
Фото – Орал қаласы әкімдігі