Орал қаласында жазасын өтеушілер коронавирусқа қарсы екпе салдырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында жазасын өтеушілер коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласында жазасын өтеушілер коронавирусқа қарсы екпе салдырды

БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мәлім еткеніндей, алдымен вакцинация РУ-170/2 түзету мекемесінде басталып, 50-ден астам жазасын өтеуші өз еріктерімен екпе алды.

РУ-170/2 түзету мекемесінің жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты Ерасыл Сайлауовтың айтуынша, жазасын өтеушілерге екпені №6 қалалық емхананың медицина қызметкерлері жүргізуде. Өйткені аталмыш мекеме осы емханаға бекітілген.

Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, басқа да түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер кестеге сәйкес кезең-кезеңмен өздері бекітілген емхана арқылы екпе алатын болады.

Вакцинация Орал қаласының тергеу изоляторында да басталды. Мұнда күдіктілер, айыпталушылар және сотталушылар екпе алуда. Бүгін 149 адам вакцина салдырды.

Биыл департаментке қарасты түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер арасында коронавирус тіркелген жоқ.

Ал департамент қызметкерлерінің 95-90 пайызы коронавирусқа қарсы екпе салдырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 6 мектептің карантинге жабылғанын, 107 адамның көз жұмғанын, жылжымалы егу кешендері жұмыс істеп жатқанын жазған болатынбыз.