Орал қаласының көшелерін жөндеуге 4,7 млрд. теңге қажет - қала әкімі Б.Шәкімов

Қала әкімі Болат Шәкімовтің айтуынша, көше жолдары Оралдағы басты мәселелердің бірі болып қалып отыр. Биыл «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен Чагано-Набережный көшесінің 2,4 шақырым жолын 282,8 млн. теңгеге күрделі жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар С.Датұлы көшесінің 261 шақырымынан Гагарин көшесіне дейін жөндеуді аяқтау, М.Шолохов, Сарайшық көшесін қайта құру және А.Құсайынов көшесін күрделі жөндеуден өткізу көзделгенімен, бюджетте оған қаржы табылмай отыр.
Өткен жылы тоғыз көшенің жалпы ұзындығы 16 шақырымнан астам жолына жөндеу жүргізілді. Соның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен бес көше ретке келтірілді. Төтенше жағдайлар қаржысы есебінен кардиологиялық орталыққа баратын жол түзелсе, облыстық бюджет қаржысына М.Шолохов, С.Датұлы көшелеріне орта жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар қала қазынасы есебінен Космос көшесінде Гагарин көшесінен Жайық өзеніндегі көпірге дейін 56 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Қаланың 78 көшесінде 202 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жасалып, шұңқырлар тегістелді.