Орал қаласының күні дүркіреп аталып өтілмек

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қала күніне орай 1 қыркүйек күні Оралда «Жайық - Сарайшық» ғылыми экспедициясы бастау алмақ. 1500 шақырымнан астам жолды жүріп өтетін экспедиция мақсаты Жайық өзені жағасында, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары аумағында орналасқан ортағасырлық қалаларды тауып, зерттеп, олардың жасын анықтауға Қазақстан мен Ресей ғалымдарының назарын аудару болмақ. Экспедицияға екі елдің археология орталықтарының өкілдері, тарихшы-этнографтары қатысады.
Оралда сондай-ақ қала әкімінің жүлдесі үшін хоккейден турнир өтіп, Жайық өзені жағалауында 3 қыркүйекте шахмат алаңы ашылады. Қазақ драма театрында келесі күні «Отбасы - тіршіліктің тірегі» облыстық байқауы мәреге жетіп, Салтанат сарайы алдында ғашықтар орындығы пайда болмақ. 5 қыркүйек күні веложорық ұйымдастырылып, кешкісін Абай алаңында «Дос-Мұқасан» ансамблі өнер көрсетеді.
Негізгі шаралар 6 қыркүйекке белгіленіп отыр. Бұл күні «Алтын ханшайым» тарихи жәдігері таныстырылып, «ЭКСПО-2017» гүлдер фестивалі, қолданбалы өнер бұйымдары көрмесі көрсетіледі. Жабық мұз айдыны сарайында «Сапалы өнім» көрмесіне қырықтан астам азық-түлік тауарын өндірушілер, сондай-ақ Ақтау, Ақтөбе, Атыраудан кәсіпкерлер қатысады деп жоспарлануда. Волейболдан «Достық-Дружба» турниріне Ресей қалаларының спортшылары да келмекші. Кешкісін П.Атоян атындағы стадионда Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Дильназ Ахмадиева мен Қайрат Нұртастың қатысуымен концерт қойылмақ. Сонымен қатар бұл күндері қала алаңдарында облыс және аудандардың өнерпаздары да сахнаға шығады.