11:23, 14 Ақпан 2013 | GMT +5
Орал қаласының сыртқы келбетін күтіп ұстауға биыл 1 млрд.-қа жуық теңге жұмсалады
ОРАЛ. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Биыл Орал қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында жол-көпір шаруашылығын күтіп ұстау, шөптерді кесу және қоқыстарды жою жұмыстарына 928 млн. теңге бөлінді.

Қала әкімі Болат Шәкімовтің айтуынша, Үкімет қаулысына сәйкес «Арнайыавтобаза» МКК бәсекелестік ортаға берілді. Қазіргі кезде оның мүлкінің 70 пайызы германиялық инвесторға тиесілі. Ол қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруда еуропалық талаптар енгізілуде. Күні бүгін қалада неміс елінен шығарылған 350 қоқыс жәшіктері орнатылған, алдағы уақытта оның саны 1500-ге жеткізілмек. 2500 ескі контейнердің 500-ге жуығы айналымнан шығарылды.
Еуроконтейнерлерден қалдықты шығару үшін «КамАЗ» негізінде испандық жабдықпен орнатылған екі автокөлік жұмыс жасауда. Алдағы уақытта бұрынғы ескі тәсілден бас тарта отырып, қалдықты жаңаша жинауға қол жеткізілмек.