Орал мен Ақсай қалалары төңірегінде мұнай қалдықтары төгілгені анықталып отыр - БҚО прокуратурасы

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2015 жылғы қарашада Бөрлі ауданы аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне мұнай қалдықтарын төгу деректері бойынша «Грин Ақсай» ЖШС басшыларына (Д.Сахым мен Е.Бақтияр) сот үкімі шығарылған болатын. Соған қарамастан, аталған серіктестік қоршаған ортаға зиянын тигізетін мұнай қалдықтарын тағы да төккен. Биылғы 25 қаңтарда прокуратура «Грин Ақсай» ЖШС-ның «Сан Дриллинг» компаниясынан шығарған мұнай қалдықтарын Ақсай қаласындағы «Isolation and Construction Services» ЖШС өндірістік базасы аумағына апарып, заңсыз орналастырғандығын анықтады.
Қазіргі кезде бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұдан басқа 11 ақпан күні тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны аумағында мұнай қалдықтарын заңсыз орналастыру дерегі бойынша ҚР ҚК 325-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу өндірісі басталды. «Эко плюс» ЖШС-ның сенімді басқаруындағы бұл полигонда мұнай қалдықтарына ұқсас заттар үлгілері анықталып, алынды.
Сонымен қатар Орал қаласы маңындағы «Батыс Эко орталығы» ЖШС-ның сенімді басқаруындағы зиянды қалдықтар полигонына тағы да «Грин Ақсай» ЖШС көлік құралдарының «Ростоша» кенішінен мұнай қалдықтарын тасығаны белгілі болды.
Күні бүгін алынған үлгілер бойынша кешенді сот-экологиялық сараптама тағайындалып, тергеу жүргізілуде.