Орал тұрғындары су мен жылу жоқтығын айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында бес отбасы бірнеше күн бойы су мен жылусыз қалып отыр.

Жылу үшін төлемдер қалай қалыптасады: «Астана-Теплотранзит» түсініктеме берді
Фото: Астана әкімдігі

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Черекаев көшесі 52-мекенжайы тұсында су құбыры 17 ақпан күні сағат 18.00 шамасында жарылған.

Апаттық қызмет келіп, суды жапқан. Сумен жабдықтауға байланысты болғандықтан, жылу да айырылған.

— Міне, содан бері су да жоқ, жылу да жоқ, тоңып отырмыз. Пәтерлерде салқын, температура 15-16 градус шамасында. Жылыну үшін газ плитасын қостық. Тұрмыстық қажеттілік үшін қарды ерітеміз. Осы үйде тұратын бес отбасында сегіз бала бар. Жуыну мүмкін болмағандықтан, оларды мектепке де жібере алмай отырмыз. Барлық қызметке, әкімдікке хабарластық. Бірақ мәселеміз шешілер емес. Бұл төтенше жағдай деп есептеймін, — дейді аталмыш үй тұрғыны.

Оның айтуынша, тұрғын үй ешкімнің теңгерімінде жоқ. «Батыс су арнасы» ЖШС мамандары су жүйесі толықтай тозған, барлығы ауыстыруды қажет етеді деп тапқан. Жұмыстың алдын ала құны — 800 мың теңге шамасында. Мұны бірден жинап беру мүмкін емес, біртіндеп төлеуге болар еді.

Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне хабарласқан еді. 

Әкімдік мәліметіне қарағанда, аталған үйдің үйішілік су құбырлары «Батыс су арнасы» ЖШС теңгерімінде жоқ. Соған қарамастан, кәсіпорын мамандары оқиға орнына жедел барып, тексеру жүргізіп, қажетті қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтады.

— Қала әкімдігі тарапынан «Батыс су арнасы» ЖШС-на апаттық қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде орындап, апат салдарын жойып, сумен қамтамасыз ету тапсырылды. Одан кейін су жүйесі кәсіпорын теңгерімінде жоқтығын ескере отырып, келтірілген шығын көлемін заңда көзделген тәртіппен тұрғын үй тұрғындарымен шешу мәселесі реттелетін болады, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбырдағы апат салдарынан 400 абоненттің сусыз қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум