«Орал «Зенит» зауыты» өз ардагерлеріне 5 млн. 880 мың теңгенің көмегін көрсетті - Б.Хомко

Оның айтуынша, «Зенит» Орал қаласындағы ардагерлерінің ең саны көп кәсіпорын болып саналады. Зауыт өз ардагерлеріне 5 млн. 880 мың теңгенің көмегін көрсетті. Мұнда еңбегі сіңген жұмысшы-қызметкерлердің атаулы күндері ешқашан ескерусіз қалмайды. «Зенит» зауыты өзінің негізгі жұмысын атқарумен бірге өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне де қолұшын созып келеді. Күні бүгін іргелі кәсіпорында мыңның шамасында адам еңбек етеді. «Біз Елбасының отандық кәсіпорынға деген қолдау-көмегін үнемі сезініп келеміз. Соның нәтижесінде зауыт негізінен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстарды абыроймен орындауда. Зауыт өнімінің 98 пайызы осы мақсатқа арналған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан әскери-теңіз флоты мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі үшін су ығыстырылымы 250 тоннаға дейін 23 кеме-катер жасап шығарылды. Қазіргі кезде кезекті кемелер құрастырылу үстінде. Болашақта су ығыстырылымы 600 тоннаға дейінгі кемелерді шығаруға мүмкіндік бар. Биылғы жыл да жақсы аяқталып келеді. Ешқандай қарызымыз жоқ, жалақы уақтылы беріледі. Қысқарту да жоқ. Біз Президент күнін осылайша ұйымшылдықпен, көтеріңкі леппен атап өтпекшіміз», - деді Б.Хомко.