Оралда 101-қазақ дербес атқыштар бригадасы туралы кітаптың таныстырылымы болды

ОРАЛ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, доғарыстағы полковник Кәкен Әбеновтың «Операция «Марс». Казахи в долине смерти» кітабының таныстырылымы болды. Оны Орал қаласы әкімінің орынбасары Талғат Нығметов ашып, сөз сөйледі,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлы Отан соғысының осы күнге дейін белгісіз болып келген бір тарихынан сыр шертетін кітап Алматы қаласындағы «Жеті жарғы» баспасынан бір мың данамен жарық көрген.

Кітап кешегі қырғын соғыста өлшеусіз ерлік көрсеткен 100 және 101-қазақ дербес атқыштар бригадаларының Мәскеу түбіндегі жанқиярлық шайқасын баяндайды.

Әскери құжаттарға және автор өзі куә болған оқиғаларға сүйеніп жазылған кітаптың тұсаукесеріне Самарадан келген қандасымыз Зоя Әсімова да қатысты. Негізгі мамандығы тарих пәнінің мұғалімі З.Әсімова Самара облысында тұрады. Ресейдің білім беру ісіне зор үлес қосып жүрген таңдаулы да айтулы ұстаздардың бірі - «Жыл мұғалімі» атағының иегері. Самарадағы «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі әрі осы қалада қазақ балалары үшін «жексенбілік мектеп» ашып, өзі сонда қазақтың қара домалақ балаларын туған тілге үйретіп жүр. Мұның сыртында Зоя Зербіқызы ширек ғасырдан бері Ұлы Отан соғысының ең ауыр, алғашқы жылында Қазақстанда құрылған 101-қазақ ұлттық дербес атқыштар бригадасының тарихын талмай зерттеп келеді.

101-бригада 1941 жылдың қарашаның 24-інде Ақтөбе қаласында жасақтала бастайды. Оған негізінен Батыстағы, яғни Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының жас жігіттері алынған. Бір жылға жуық даярлықтан кейін бригада эшелонға тиеліп, майданға жөнелтіледі. Аталмыш бригада 1942 жылы 20 қарашада Калинин майданының 39-армия құрамында, Ржев бағытында ұрысқа кіреді. Москваны қорғау мен Сталинград майданындағы немістердің күшін әлсірету бағытында ойластырған «Марс» операциясына қатысады. Бригада өзінің алдына қойылған әскери міндетті толығымен орындап, өзінен күші, саны әлдеқайда басым жаумен ауыр ұрыста зор шығынға ұшырайды. Соған байланысты 101-бригада жөніндегі барлық ақпараттар 2007 жылға дейін құпия ұсталған. Тіпті ұрыста қаза болған жауынгерлердің саны, аты-жөні туралы да ешбір дерек болмады. Кітап авторымен бірге осынау құпияның шымылдығын түруге самаралық қазақ Зоя Әсімова да зор үлес қосқан.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне соғыс, еңбек ардагерлері, 101-бригада құрамында болып, ерлікпен қаза тапқан қызыл әскерлердің тума-туыстары, ұрпақтары қатысты.

Соңғы жаңалықтар