Оралда 13 жастағы қызды соққыға жыққан жасөспірімдер ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында Ұлттық ұлан жауынгерлері буллингке ұшыраған қызды құтқарып қалды.

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 5517-әскери бөлімінің қызметшілері қала көшелерін патрульдеу кезінде көмекке шақырған адамның дауысын естіген.
Оқиға орнына жеткен сарбаздар жасөспірімдердің қысымына тап болған қызды анықтады. Ұландықтардың кәсібилігі мен батылдығының арқасында екі агрессивті жасөспірім сол жерде ұсталып, полицияға тапсырылды.
- Біз қызды көріп, оған көмек қажет екенін бірден түсіндік. Балалар арасындағы дау төбелеске айналған. Біз дереу арашаға түсіп, жағдайды реттедік, – дейді қатардағы жауынгер Ғаламат Нұрберген.
Буллингке ұшыраған 13 жастағы қыздың анасы Татьяна Ефремова егер ұландықтар көмекке келмегенде, баласының денсаулығына әлдеқайда ауыр зардаптар келуі мүмкін екенін атап өтті.
Ол 5517-әскери бөлімінің құрамына алғыс білдірді.
- Қолға түскен жасөспірімдер құқық қорғау органдарына тапсырылды, ал қызға қажетті медициналық көмек пен қолдау көрсетілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық сарбаздың Ақтауда ант қабылдау кезінде сүйіктісіне ұсыныс жасағанын жазған болатынбыз.